«АБАЙДЫҢ ІНІЛЕРІ –ҚАЗАҚТЫҢ ІРІЛЕРІ» РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ КЕШ

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН, ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ, БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АБАЙДЫҢ ІНІЛЕРІ –ҚАЗАҚТЫҢ ІРІЛЕРІ» РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ КЕШІ.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай 28 маусым күні, сағат 18.00-де Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драматеатрында «Абайдың інілері –қазақтың ірілері» рухани-танымдық кешін ұйымдастырды.
Аталмыш шараның мақсаты қазақ әдебиетін жаңа көркемдік биікке шығарған қаламгерлердің түрлі жанрдағы туындылары мен сан салалы рухани мұраларының маңызын жаңа бір қырынан байыптау; ұлттық руханиятта өзіндік із қалдырған дарындардың шығармашылық тұлғасында тоғысқан ерекше қасиеттерін жаңа кезең биігінен зерделеу.
«Абайдың інілері, қазақтың ірілері» рухани-тағылымдық кешін дәстүрлі әнші Жақсыгелді Маямеров, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен ашты. Жүргізушілер ресми түрде шараны ашық деп жариялағаннан соң, рухани кешті Гүлмира Сарина Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнімен жалғастырды.
Шара барысында тоталитарлық жүйе құрбаны болған тұлғалардың тағылымды өмірінен деректі бейнежазбалар көрсетілді. Зобалаң жылдары сталиндік қуғын-сүргінге түскен арыстардың тұлғалық болмысы мен қайраткерлердің жұбайлары Гүлбахрам, Фатима, Гүлжамал сынды қайсар да өжет мінезді қазақ әйелдерінің қилы кезеңдердегі қайғы-қасіреті, мұң-зары сахналанды.Қаллеки театрының жас әртістері бұл қойылымдарымен жиналған қауымның көздеріне еріксіз жас үйірді.
Іс-шарада Сәкеннің шығармашылық тұлғасы, ән мұрасынан Серікбай Оспан, Ілиястың сөз өнеріндегі асқақ тұғырынан Тұрсын Сыдықов, Бейімбеттің көркемдік әлемінен Қайырбек Кемеңгер сынды филолог ғалымдар, өнертанушылар баяндама жасады.
С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің заман шындығы, уақыт тынысына терең бойлауға мүмкіндік беретін реалистік туындыларын белгілі өнер майталмандары мен жас өрендер орындады.
Рухани кештен нәр алуға келген көпшіліктің қарасы көп болып, театр лық толды.Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысы
Еңсебай Ержан Серікболұлы сөз сөйлеп, рухани кешке келіп қатысқан қонақтарға, көрермендерге алғысын білдіріп, кешке атсалысқан кішкене балдырғандарға шағын сый-сияпаттар табыстады.
Шараның қорытындысы ретінде арыстардың ізін жалғаушы, әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүнісов «Үш арыс» әнін орындады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *