КӨК ТУЫМЫЗ ЖИІ ТӨМЕН ТҮСЕ БЕРМЕСІН!

Тұтас дүниені дүрліктірген коронавирус, COVID-19 пандемиясының салқыны біздің де мемлекетімізге ауыр тиіп отыр. Күн сайын қаралы хабардың саны артып, жақын туыс, ағайын-жұрағаттарымыздан қапыда айырылып жатырмыз. Ұлттың бағына біткен асыл тұлғаларды да мына қасіретті індет құрсауынан шығармады. Ажал тырнағы ілінген ұлт азаматтары – елдің болмысы мен бітіміне айналған жақсылар еді ғой…

Ал жұқпалы ауруды жұқтырып, дерт құрсауында қалып, өмір мен өлім, ажал мен азап ортасында күресіп жатқан науқас қаншама?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 13 шілдені Жалпы ұлттық аза тұту күні ретінде жариялады. Өте дұрыс шешім. Пандемияныі кесірінен жақындарынан айырылып, қайғы жұтып, қан түкіріп отырған қаралы отбасыларға бұл да болса медеу. Марқұм болған кісілерді, әсіресе, науқастарды құтқарып, өмір сыйлаймыз деп жүріп, қызмет үстінде қайтыс болған медицина саласының ардақтыларына, жалпы ел зиялыларына көрсетілер жалпыұлттық құрмет пен үнсіздік. Аруаққа деген құрмет пен тағзым.

Алла Иә, Рәббана Карим! Ауырып, дертіне шипа іздеген жақындарымыздың науқасын жеңілдетсін! Олар тезірек дертінен айығып, қатарымызға қосылсын! Өмірдің мәні – адамның дені сау болуы. Ал, Тәуелсіздіктің кепілі – дені сау, күш-қуатты халық. Халықтың саулығы – қоғамның байлығы.

Уа, Рәфиқул-Ағлә, пандемия кезінде қайтыс болған барша марқұмның жанын жәннаттық қылып, панасына алсын! Елімізге амандық беріп, дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

Бір ғана тілек – мемлекетіміздің нышаны, көк аспан түстес көк байрақ тұғырынан жиі-жиі төмен түсе бермесе екен!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *