«Руханият алаңы» пікірталас клубы

Бүгін елордадағы №2 Өнер мектебінде «RyhTime» жобасы аясында ҚР суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабай және белгілі суретші, @ansa.kz брендінің негізін қалаушы Аңсаған Мұстафамен кездесу өтті.

Жиынға қатысқан дарынды оқушылар мәртебелі меймандардың сұхбатын ұйып тыңдап, суретшілер әлеміне саяхат жасады.

Алмас Сырғабай суретшілік өнері әкесінен дарығанын айтса, Аңсаған Мұстафа дарынды балаларға арналған мектептің табалдырығын аттауына себеп болған оқиғасын еске түсірді.

А.Сырғабай туындыларын өзімен бірге ала келсе, әлеуметтік желі белсендісі А.Мұстафа қоғамдық мəселелерге арналған суреттерін слайд арқылы оқушылардың назарына ұсынды.

Суретшілермен рухани сұхбатқа қатысқан оқушылардың дені суретшілікке әуестеніп жүрсе, қонақтарға қойылған сұрақтар да қарапайым болмады. Дарынды өрендердің сауалдарына кезек-кезек жауап берген қонақтар суретшілік өнері еңбектенген, ізденген адамға ғана жолдас болатынын баса айтты.

Осы орайда А.Мұстафа:

– Мен үшін талант деген бос сөз. Себебі, балалардың бәрі талантты, сендердің бәрің таланттысыңдар.Тек ізденіс, тынымсыз еңбекпен ғана өнеріңді шыңдай аласың. Мәселен, қазір күніне сурет салуға қанша минутыңды немесе сағатыңды арнасаң, өскенде соншалық нәтижесін көресің, – дейді.

Ал Алмас Сырғабайдың тырнақалды туындысы – оқушы кезінде Мұқағали Мақатаевтың «Қайран жеңгем…» өлеңіне арнап салынған иллюстрация екен. Сондай-ақ, ол бала кезінен балаларға арналған газет-журналдарды үзбей оқып, ондағы суреттерге қызығып өсіпті.⠀

Бүгінде ол – қазақ халқының тарихын, мәдениетін, танымал тұлғаларын, тіпті, тауқыметті жылдардағы ел тағдырын қылқаламмен бейнелеп жүрген бірегей суретші. Ол да ізін басқан жастарға ақыл-кеңесін айта келе:

– Ақын Қадыр Мырза Әли: «Оқу – ежіктеуден, өсу – еліктеуден басталады» – деген. Суретті көшіріп салу, алдыңғыларға еліктеу –

заңдылық. Бірақ, өзіңнің қолтаңбаңды қалдыру үшін көп еңбектену, көп іздену, көп оқу керек, – деді.

Жиын соңында қонақтар дарынды оқушылардың суреттері қойылған көрмені тамашалап, жас өрендердің туындыларына жоғары баға берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *