«Руханият алаңы» ғылыми-танымдық пікірталас клубы

2019 жылы 9 ақпан күні орталығымыздың жанынан құрылған «Руханият алаңы» ғылыми-танымдық пікірталас клубының кезекті отырысы өтті.

«Қаңшеңгел» поэмасы авторы кім Деректі бұрмалау – тарихқа адалдық па» тақырыбында өрбіген пікірталасқа Қостанай, Арқалық қалалары мен Аманкелді ауылынан әділдік іздеп келген зиялы қауым өкілдері Астанадағы ғылыми-шығармашылық топтан төрелік сұрады.

Түйткілі көп түйінді шешуге арналған жиын барысында «Қаншеңгел» поэмасының авторы, ақын Хамитбек Мұсабаев, поэмаға ән жазған композитор, жыршы Нағашыбай Алпысов, толғауды орындаушы, жыршы Абзал Алпысов, Торғай өлкесінің әдебиеті мен мәдениетін зерттеп жүрген профессор Айбек Қалиев, жас зерттеуші Батырлан Сағынтаев деректі, дәйекті және ғылыми-теориялық пікірлерін ортаға салып, қарсы тарап өкілдерінің уәждеріне қисынды қарсылық білдірді.

Пікірталасқа әдебиетсүйер оқырман қауым Хамитбек Мұсабаевтың монолог үлгісінде жазылған «Қаншеңгел» толғауын Ахмет Байтұрсынұлы түрмеде отырып жазған деп санайтын Ахмет атамыздың аталас туыстары зейнеткер, зейнетке шыққан соң «зерттеушілік» ісімен айналыса бастаған Кеңесбек Мәулетов, Ерахан Фазылов және аталмыш поэманы «1986 жылы әскери борышымды өтеп жүрген кезімнен бері білемін, бұның авторы – Ахмет Байтұрсынұлы атамыз» деген пікірді берік ұстанған Қайрат Қабылов сияқты қарсы тарап өкілдері қатысты.

Алқалы жиын зейнеткер зерттеуші, экс-банкир Кеңесбек Мәулетұлының «Ахаң аманатына адалдық немесе «Қаншеңгел» поэмасының авторы кім?» тақырыбындағы баяндамасымен басталды. Зерттеуші баяндамасында поэманың әр жылғы жарияланымдары және ондағы шумақтардың саны, өзгертулер мен толықтырулардың, тарихи деректердің әрқилылығы турасында уәжін айтты.

Қарсы тарап өкілдерінің пікірінше, поэманы жазған Ахмет Байтұрсынұлы, ал Хамитбек Мұсабаев бұл поэманы өздігінен толықтырып, өңдеу жасап, өзіне имеденіп алған. Бірақ, алқалы жиында бұ тараптың өкілдері нақты тарихи дерек, шынайы мәлімет көрсете алмады. Өйткені:

Поэманың алғашқы жарияланымы 1988 жылы негізгі автор Х. Мұсабаевтың өз атымен жарық көрген. Кейінгі басылымдарда авторы көрсетілмеген және деректердің барлығы күмән тудырады.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, өнертанушы Серік Оспан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы, ф.ғ.к. Камал Әлпейісова, ахметтанушы, ф.ғ.к., профессор Ұлан Еркінбай, ф.ғ.к., доцент Қайырбек Кемеңгер, журналист Анар Төлеуханқызы сияқты әр түрлі саланың өкілдерінен құралған ғылыми-шығармашылық топ талқыға түскен дау-дамайлы мәселеге сараптама жүргізіп, туындының нақты авторы Хамитбек Мұсабаевқа ҚР Әділет министрлігі арқылы «Авторлық куәлік» алу сияқты құқықтық-нормативтік маңызы зор құжатты алу, шығарманы ресми бекіту турасында кеңес берді.

Клуб үйлестірушісі, жиынның модераторы Ержан Еңсебай Абай атамыз айтқандай: «Біріңді қазақ, бірің дос…» деп, екі тарапты бірлікке шақырды.

Жиын соңында «Руханият» орталығының ғылыми қызметкері, жазушы, зерттеуші Елдос Тоқтарбайға осы жиынның хаттамасын даярлап, елімізге танымал үлкен ғалымдардың талқысына ұсыну жұмысы тапсырылды. Алдағы күндері даулы мәселенің нақты шешімін жариялап, көпшілікке БАҚ арқылы бөлісеміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *