«ҚАЗАҒЫН ҚАСТЕРЛЕГЕН ҚАЙСАР ТҰЛҒА»

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесімемлекет және қоғам қайраткері, алаш азаматы  Смағұл Садуақасұлының 120 жылдығына арналған «Қазағын қастерлеген қайсар тұлға» атты онлайн дөңгелек үстелін өткізді.Шараның мақсаты: ұлт қайраткері Смағұл Садуақасұлының 120 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің басын құрай отырып, сан қырлы тарихи тұлғаның тағылымды өмір жолын өскелең ұрпақ санасына сіңіру, сан алуан тақырыптағы мұрасын дәріптеу.

Ел азаттығы мен рухани кемелденуіне тарихи еңбек еткен қайраткердің сүйегі өртеліп, ұзақ уақыт бойы Дон зиратында сақталып келген еді. Елімізге белгілі ғалымдар мен қайраткерлердің жүйелі жүргізген жұмысы нәтижесінде алаш ардақтысының күлі 2011 жылы елге жеткізіліп, туған жер қойнына тапсырылды. Дөңгелек үстел барысында осындай қиын да сындарлы ғұмыр кешкен қазақтың бір туар ұлының ғұмырнамасы әр қырынан екшеліп, көпшілікке баяндалды.

 Рухани жиынды ф.ғ.к., алаштанушы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісіҚайырбек Кемеңгер тізгіндеді. Алдымен сөз алған алаштанушы бүгінгі жиынның мәні мен мақсатына түсіндіре келе, тарихи сананын жаңғыртудағы рөліне тоқталды. Одан әрі құттықтау сөз Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Сәкен Есіркепке берілді. Басқарма басшысының орынбасары тарихи тұлғаны дәріптеудегі мемлекеттік мекеменің жұмысына тоқтала келе, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды. Болашақта басқармаға қарасты ономастика бөлімі қайраткердің есімін елорда мектептерінің біріне беру бойынша жұмыстармен айналысатын болады.

         Шараға республиканың түкпір-түкпірінен алаштанушы ғалымдар, филолог, тарихшылар, ғылыми-шығармашылық топ өкілдерімен қатар жастар да қатысты. Олардың қатарында Дихан Қамзабекұлы – ҚР ҰҒА академигі,Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, Айгүл Ісмақова – ф.ғ.д., алаштанушы,  Назарбаев университетінің профессоры,  Бейбіт Қойшыбаев – т.ғ.к., алаштанушы, жазушы, Жақсыбай Самрат – жазушы-журналист, ҚР мәдениет қайраткері, Данагүл Махат – т.ғ.д.,Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы ҒЗИ директоры, Гүлнар Мұқанова – ф.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУпрофессоры, «Айқап» журналының жауапты редакторы, Сағымбай Жұмағұл – ф.ғ.д., алаштанушы,  Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедерасының профессоры сынды елге белгі зиялы қауым өкілдері болды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы Смағұлға арнаған жұрек тебірентер жыр шашуын тарту етті. Ғалымдар қайраткердің шығармашылық жолы, мемлекеттік істердегі ерен еңбегі, ұлт тағдырына қатысты жасаған жұмыстары жөнінде кеңінен баяндады. Сонымен қатар Смағұл Садуақасұлының есімін жаңғырту мақсатында келелі ұсыныстар айтылды.

         Алдымен СҚО-да қайраткердің есіміне көше беру, мұражайын ашу сонымен қатар туған жерінде мектепке атын беру туралы ұтымды ұсыныстар көтерілді. Осы тұста шараға арнайы қатысқан СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов биылғы жылдан бастап 35 пайыз қазақ тұратын өңірде қайраткердің есімін ұлықтайтын шаралардың басталғанын жеткізді. Одан бөлек алдағы уақытта да жүздеген көше, бірнеше аудан мен ауылға қазақы нақыштағы атаулар берілетінін айтып, көпшіліктің көңілін марқайтты.

         Жиналған қауым дәл осындай жұмыстарды елордамызда да жүйелі жолға қоюылуы керектігін баса айтты. Қаламызда орналасқан №78 мектеп-гимназиясы біршама уақыттан бері қайраткердің есімін сұрап жүр. Мектеп қабырғасында Смағұлға арналған арнайы шағын мұражай бар. Осылайша алаш қайраткерінің есімін ұлықтап отырған білім ордасы мерейтой қарсаңында сүйінші хабарды күтіп жүргенін жеткізді. Шараға қатысушы мектеп оқушылары да Смағұл Садуақасұлының ұрпаққа үлгі болар ұлағатты сөздерін оқып, көпшіліктің батасын алды.

         Шара соңында онлайн дөңгелек үстелге қатысушылар Смағұл Садуақасұлының өнегелі өмір жолы кейінгі жастарға үлгі екенін тағы бір еске салды. Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмырында алашқа адал қызмет етіп, тарих бетінде өшпес ісі қалған қайраткердің ерен ерлігін бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жастары ұмытпақ емес!

Фархат Қаналы
«Руханият» КММ бөлім басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *