Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері

Алаш ардақтысы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ сан қатпарлы шығармашылық тұлғасын, қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін тануда нақыл сөздерінің алар орны ерен. Ұлт көсемі Әлихан БӨКЕЙХАН «Бесстрашный пророк своих убеждений» деп бағалаған санаткердің әдеби мұрасы, іргелі еңбектері қазақ рухани әлемін жаңғыртудағы тарихи қызметін атқарып келеді. Патша абақтысы, Кеңес түрмесі қысымын өткере жүріп, елге қызмет етудегі иман күшін «Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады» («Бас қосу турасында») деп әдіптеген тектінің нақылдары – қазақ топырағындағы рухани және саяси күрескерліктің тағылымды мектебі болуымен қастерлі.

Өзіне дейінгі сан ұрпақтың қордаланған әлеуметтік жүгін арқалап, қоғамдық парызын атқаруда жанкештілік танытқан Ахмет Байтұрсынұлы феномені ХХ ғасыр басындағы Алаш ренессансын зерделеуге мүмкіндік береді. Осынау құбылыстың басты сипаттары – адамға, ұлтқа, адамзатқа деген гуманизм, тұлға еркіндігі, ар-ұждан тазалығы, сана дербестігі десек, Ахметтің нақыл сөздерінің де басты мұраты қазақ дүниетанымына, ойына азаттық рухын сіңіру еді. Телжан Шонанұлы «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов – халық ағарту және әдебиет саласында» мақаласында атап көрсеткендей, «Қазақ халқы үшін Ахмет жасаған әдеби дүниенің көркемдік-әлеуметтік таным әлемінің әсері ғаламат» болды.

«Өткендердің көзіне қырау түскеніне өкінбей, өз көзіңе түскен қырауды аршып қара» дейді Алаш ардақтысы. Отаршылдық ойрандағы қазақ қоғамының дәуірлік түйткілдерімен бетпе-бет келген ол ұлттың ұлт болып қалу мәселелерін саяси-рухани реформаторлық жолмен шешуге қажыр-қайратын сарқа жұмсады. Қалам қайраткері «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы» («Жауап хат») екенін байыптауымен елін саяси теңдікке, рухани кемелдікке жеткізудегі адамдық борышынан айныған емес. «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі» («Орысша оқушылар»), «Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік» («Әдебиеттанытқыш»), «Қайраткер басын бәйгеге тігіп іс қылуын айып көрмейді, адамдық деп біледі. Басын қорғап, мақсатын іздемей қалу – оған өлім» («Әдебиеттанытқыш») сипатындағы нақыл сөздері ұлт қайраткерлері ұстанатын бірден-бір тұғырнама болып қала бермек.

Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері – ояну дәуіріндегі рухани және саяси күрестегі елшілдік рух, ұлтшылдық сезім, мемлекетшілдік сана көрінісінің қайнары.

 «Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды» («В.И.Ленин жолдасқа»). Міне, жері жатқа кеткен жұртының қайғы-қасіретіне ем іздеген күрескер «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иа өлі болу мәселесі» («Аңдаспаған мәселе» турасында») ұстанымымен қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудегі Алаш ұлт-азаттық қозғалысының өмірлік мақсатын «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазақтың өкпесі», «Тағы да жер жайынан», «5 десятина жер», «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Жер жалдау жайынан», «Аңдаспаған мәселе» турасында» және тағы басқа мақалаларымен үстеп отырды. Халқының отаршылдықтағы мүшкіл халін, қоғамдық дамуындағы кем-кетігін көзімен көріп, жан-тәнімен сезінген оның семсер сөзі ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту идеясына қуат дарытты. Ояну дәуірінің жетекші күшіне, ұйыстырар өзегіне айналды. Бодандық бұғауындағы, ұлттық езгідегі елінің «Ноқталанғанша һәм ноқталанғаннан кейінгі істелетін істер басқа-басқа» («Жауап хат») екенін әлеумет санасына сіңірумен болды.

«Қазақ» газеті патша цензурасына алынып, А.Байтұрсынұлы «Закон жобасының баяндамасы» мақаласы үшін қудаланғанымен, қайраткер қазақ қоғамын елшілдік ой аңсарымен нәрлендіріп, озбыр империяның ұлтсыздандыру саясатын сынаудағы принциптілігінен тайған жоқ.

«Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бəрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, əр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, əуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни, қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек.

Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр əурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс» (Бастауыш мектеп). «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер ең әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» (Оренбург. 10 февраль).

Міне, ұлтына ақ адал қызмет еткен тарлан тарих талқысындағы ел рухының жасампаздығына, осынау текетіресте қазақ мерейінің үстем шығатынына күмән келтірмеді. Рухы азат, санасы еркін халықтың түптің түбінде бодандықтан арыларына сенді. Бұл орайда «Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтуы, бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды» («Әдебиеттанытқыш») деген Қыр перзентінің байыптауы – рухы өшпеген еліне риясыз сүйіспеншілігі, сенімінің жарқын көрінісі.

«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» («Қазақтың өкпесі»). «Өткен – өтті, іздегенмен таптырмайды, қуғанмен, жеткізбейді. Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу тиіс» («Шаруа жайынан»). Сондықтан, Ахмет жұртына өткеннің өкінішін емес, бүгінгінің баяндылығына, келешектің кемелділігіне адастырмай жеткізетін бағыт-бағдар нұсқады. Кемдіктегі елінің берекебірлігімен теңдікке жету жолында қолға алар қоғамдық істерін көрсетті. Жем болудан құтылудың амалын қарастырды, ілгерілеу жолын айқындады. «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» («Бас қосу турасында»). «Бұл күнде аянбай жатып қалған жұрт, кетіп бара жатқан жұрттардың аяғының астында қалмақ. Қазақ халқы болып жасаймын десе, ілгері ұмтылып талпынатын кезі осы» («Шекіспей бекіспейді»). «Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады» («Қалам қайраткерлері жайынан»).

Қазақтың саяси теңдігіне, рухани кемелдігіне ғұмырын арнаған ағартушының оқу-ағарту, өнер-білім, ғылым хақындағы «Жазу тәртібі», «Бастауыш мектеп», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Орысша оқушылар», «Оқыту жайынан», «Баулу мектебі», тағы да басқа мақалаларының мәйегі іспеттес нақыл сөздері – руханиятымыздың алтын қорын еселеуде. Оларда ұстаз, тәлімгер, әдіскер, ғалым, ағартушы Байтұрсынұлының уақыт талабына сай ілгерілеу, озғандарға жету, өркениетке ұмтылу хақындағы саф ойлары көрініс тапты.

«Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнербілімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік» («Оқу жайы»).

«Осы замандағы жан таңырқарлық нəрсенің бəрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, отарба, откемелерді жүргізген – ғылым» (Оқу жайы). «Сөзбен үйреніп, сөз жүзіндегі іске шебер болуға болады, бірақ тіршілік ісі жалғыз сөз жүзінде емес. Сөзге қарамайтын тіршілік істері толып жатыр. Ол істерге істеп, үйреніп, шебер болмаса, сөзбен үйреніп шебер бола алмайды» («Баулу мектеб»).

«Мәдениет күшейеді өнербілім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді. Оқу мен әдебиет бірін-бірі қолдап, бірін-бірі көтермелеп, бірін-бірін сүйрейді» («Қалам қайраткерлері жайынан»).

 «Шаруа жайынан», «Егін егу», «Қазақтың өкпесі», «Қазақша оқу жайынан», «Бас қосу турасында», «Шекіспей бекіспейді» және тағы басқа мақалаларында халқын жаһитшылдыққа, кәсіби біліктілікке баулыған санаткердің экономикалық, шаруашылық көзқарасын байыптауға мүмкіндік беретін нақыл сөздері де терең мазмұнға толы. Оларда толассыз тіршілік талас-тартысындағы ұлт мерейінің үстем болу жолдары, оның өміршеңдігіндегі ұрпақ парызы бағамдалды.

«Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» («Оқу жайы»). «Еңбексіз егін шықпайды, терлесең терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды» («Қазақтың өкпесі»). «Жел кемесі болса да от кемені іздеген, атарбасы болса да отарбаны іздеген, енді көк кемесін іздеп жатыр. Осының бəрі де жақсыдан да жақсыны іздеу, тараққи жолы» («Шаһзаман мырзаға»). «Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек» («Қазақша оқу жайынан»). «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Бала деп бағып оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой» («Орысша оқушылар»). «Біз мәдениетті, өнерлі болуға талпынсақ, мақсатқа сонда жетеміз, сонда дайын нәрсеге қызығатұн болмай, барды ұқсатып, жоқты табатұн боламыз» («Әлібби тақырыпты Ақметтің баяндамасы»). «Тілеусіз, мақсатсыз адам болмаған соң талассыз, тартыссыз да адам жоқ. Әркім әліне қарай таласады, тартысады. Талас, тартыс табиғаттың негізгі заңының бірі» («Әдебиеттанытқыш») және тағы басқалары.

«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» («Қазақша оқу жайынан»), «Сауаттану – мылқауға тіл, саңырауға құлақ, соқырға көз бітіргенмен бірдей нәрсе» («Ана тілінің әдісі») екенін ағартушылық еңбегімен дәлелдеген ұлт ұстазының ана тілі, тіл лұғаты, мұғалім мерейі, ұрпақ тәрбиесі хақындағы нақыл сөздерінің мән- мағынасы алабөтен. Оларда тіл жасампаздығы, ұрпақ тәлімінің түйінді тақырыптары, мәңгілік мәселелері зерделенді.

«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» («Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы») Бірінші жылдық Орынбор – 1914). «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше əуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс» («Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы») Бірінші жылдық Орынбор – 1914). «Баланы ұлша тəрбиелесең ұл болмақшы. Құлша тəрбиелесең құл болмақшы» («Орысша оқушылар»). «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һəм сондай болмақшы» («Мектеп керектері»). «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» («Оқыту жайынан»). «Тәннің күшті болуы да, елдің күшті болуы да – екеуі де тәрбиемен. Тәрбиесіз тән қандай азса, тәрбиесіз ел де сондай азбақ» (Орынбор, 2 февраль).

Қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы – «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Әліп-би», «Жаңа әліппе», «Баяншы», «Сауат ашқыш», «Тіл жұмсар» атты ана тілімізде алғашқы оқулықтар, «Оқу құралы» (Т.Шонанұлымен бірге) әдістемелік оқу құралын жазған ғалым. Ұлттық жазу реформаторының тіл оқытудың әдістемелік мәселелері, әліпби тұғырнамасы туралы нақыл сөздері – қазіргі отандық білім беру қағидаттарын ұштауда өміршең. Оқу комиссиясындағы, сонымен қатар, Қазақ АКСР Халық ағарту халық комиссары, Академиялық орталықтың тұңғыш төрағасы қызметтеріндегі істері қайраткерліктің, сондай-ақ, Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі мен Бүкілодақтық түркология құрылтайындағы баяндамалары классикалық филологияның озық үлгісі болып қалуда.

«Жақсы әлібби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әлібби де қолайсыз» («Әлібби тақырыбты Ақметтің байандамасы») Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі). «Біреудің істегенін дұрыс, бұрысын тексерместен істеу тек еліктеу болады; Тек еліктеуді маймылша еліктеу деп атайды» («Әлібби тақырыбты Ақметтің баяндамасы»). «Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап» («Жазу тәртіб»). «Білімнің бас құралы – кітап» («Білім жарысы»). «Əдіссіз тек мəніс білімі – өлі білім. Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болу керек. Ондай білімді адам мəніс білімі мен əдіс білімін қатар үйренгенде білмек» («Баулу мектеб»). «Ұлы істердің əдісі де ұлы болады. Ұлы əдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істің істеу мəнісін білгенмен, істеу əдісін білмей, дұрыстап істеуге болмаса, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма?» («Баулу мектеб»). «Үйрету деген – өнер. Өнердің шені-шегіне ешкім жете алмайды. Өнер артыла береді, жетіле береді. Оны осы күнгі өнерлі жұрттардың істері көрсетіп отыр» («Ана тілінің әдісі»). «Əліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» (Байтұрсынұлы Ақыметтің араб әліп-биін жақтаған баяндамасы). «Бала білімді тəжірибе арқылы өздігінен алу керек» («Тіл жұмсар». Сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тəжірибесі арқылы танытатын 1-інші кітап. Қызылорда – 1928).

Қазақ кәсіби публицистикасын, журналистикасын қалыптастыруға тарихи еңбек еткен қалам қайраткерінің газет, көсемсөз табиғатын байыптаған нақылдары да тереңдігімен тәнті етеді.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» («Құрметті оқушылар!»). «Газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып ұлтының ар-абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру» (Орынбор, 2 февраль). «Көсем сөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсем сөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек» («Әдебиеттанытқыш»).

Қазақ классикалық филологиясын «Әдебиеттанытқыш» атты тұңғыш ғылыми-теориялық еңбегімен жаңа биікке көтерген зерттеушінің асыл сөз, шығармашылық психологиясы, өнер эстетикасы, жанр, қаламгер болмысын бажайлаған нақылдары өнертанудағы тың бастама, соны ізденіс болуымен оқшау тұрады.

«Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек» («Қазақтың бас ақыны»). «Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады» («Әдебиеттанытқыш»). «Толғау қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда» («Әдебиеттанытқыш»). «Асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды, бірақ ақын адам сөздің асыл болатын сипаттарын білсе, сөзін таза, мінсіз шығарады» («Әдебиеттанытқыш»). «Неғұрлым сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым үй де сәулетті, әдемі болып шығатыны сияқты неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, әсерлі, әдемі болып шықпақ» («Әдебиеттанытқыш»). «Ақынға дүниенің әдемілігі көрік пен махаббат екеуінде ғана. Өмірдің көрік пен махаббатқа дұрыс келетін істері сүйіндіреді, теріс келетін істері күйіндіреді» («Әдебиеттанытқыш»). «Ертегі – халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қордасы» («Әдебиеттанытқыш»). «Батырлар турасындағы әңгіме: халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме: Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған» («Әдебиеттанытқыш»). «Қалам қайраткері – жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, йа бояумен түсін өзгертіп, йа түленмен түгін өзгертіп бейбауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп бейбауырмал бола алмайды» («Қалам қайраткерлері жайынан»).

Ұлттық автономия, қазақ жерінің тұтастығы, шекаралық межеленуіне сол арқылы қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарған мемлекет қайраткерінің коммунистік жүйенің қиястығы мен озбырлығын сынға алған парасат-пайымы, саяси сарабдалдығы нақыл сөздерінің тақырыптық аясының кеңдігін көрсетеді («Революция и киргизы»,, «В.И.Ленин жолдасқа», «Еще о голоде в Киргизии», «Қостанай үйезі») және тағы да басқа мақалаларындағы нақылдарынан Байтұрсынұлының қайтпас, қайсар мінезін, отаншыл тұлғасын танимыз.

«Наводила же на киргизов ужас Октябрьская революция своими внешними проявлениями. Как происходило большевистское движение в центральных частях России, киргизам было неизвестно. На окраинах же оно сопровождалось насилиями, грабежом, злоупотреблениями и своеобразной диктаторской властью, говоря короче, движение на окраинах часто представляло собой не революцию (как обычно она понимается), а полнейшую анархию» («Революция и киргизы»). «…Қазіргі уақытта кез келген адам өзін коммунист деп атайды. Оларға үңіліп қарамайынша, кереметтің күшімен бəрі коммунистерге айналған екен деп ойлайсың. Бірақ, керемет тек ертегілерде болады, ал шын дүниеде ондай болмайды» («В.И.Ленин жолдасқа»). «Біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, нағыз «96 пробалы» («Қадірлі Әли»). «Если Киргизский Центральный Исполнительный Комитет не примет энергичные меры к проведению в жизнь постановлений 2-го Всекиргизского Съезда Советов по вопросу о борьбе с голодом и если Центр своевременно не поспешит на помощь голодающему населению Киргизии, то киргиз, пострадавщих от «жута», следует окончательно считать обреченными на гибель» («Еще о голоде в Киргизии»). «Қазақстан автономиясы Еділ-Оралдан Қытайға шейін, Жайықтан Түркістан, Алатауға шейін жайылған киіз туырлықты қазақ-қырғыз баласының басын біріктіру болғандықтан, Қостанай үйезінің кірмей қалуы мүмкін емес» («Қостанай үйезі»).

А.Байтұрсынұлының қазақ тілімен қатар орыс тіліндегі мақала, баяндамаларындағы нақыл сөздері ой-өріс кеңдігі, дүниетаным тереңдігімен ұйытады. Елдік мұратты, елдік мүддені қорғаудағы азаматтығынан айнымаған қайраткердің интеллектуалды саралаулары, парасатты пайымдары шынайы ғалым, елшіл қайраткер, отаншыл азамат қандай биікте болуы керектігін ұқтырады. Мәселен, түркітанушылар құрылтайы баяндамасындағы ұлттық бірегейлік, әділдік, мәдениет, рухани ықпалдастық мәселелерін сын тезіне салған кемел ойлары – даналық кенішіндей әсерлі, мірдің оғындай өткір:

«Современная культура не есть создание одной какой-нибудь нации или расы, а результат совокупных усилий и навыков всего человечества».

«Назначение науки, знания – это облегчение человеческих страданий, увеличение жизненных благ и удобств». «Пройденные нами пути тернисты, нам незачем оглядываться назад. Назад могут оглядываться только те, у которых было светлое прошлое, а у нас этого светлого прошлого не было, и мы естественно должны стремиться вперед». «Наш лозунг вперед, а не назад. Нашими идеалами должны быть не вороны, слетающиеся на готовую добычу, а нашими идеалами должны быть соколы, совместными усилиями добывающие себе добычу». «Справедливость создается только людьми, как всякое человеческое создание. Справедливость не знает уважения к чужому праву, а в природе господствует сила. Где господствует сила, там справедливости нет, но есть другая сила, которая умеряет, регулирует до некоторой степени природную силу, это сила есть сила культуры». «Человек может добиться справедливости только уравнением в культуре. Равенство культуры это не покупается и не получается в подарок, а собирается своими усилиями. Жизнь милостыни не дает и жизнь не подбирает и не дожидается отстающих».

Түйіп айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері қазақ халқын отаршылдықтан арылтып, азаттыққа бастаған Алаш қайраткерлерінің елшілдік рухы, ұлтшылдық сезімі, мемлекетшілдік санасы қаншалықты асқарлы болғанын көрсетеді. Ұлттың ұлт болып қалуының мәңгілік мәселелері арқау болған нақылдары – қазақ топырағындағы рухани таным, саяси күрескерлік мектебінің тағылымы болуымен қастерлі.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Қызмет көрсету саласында ағылшын тілі курсы басталды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

«Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Қызмет көрсету саласында ағылшын тілі курсы басталды 

Елорданы одан әрі дамыту туралы 2019 жылы 8 қазанда өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елорда тұрғындары мен қонақтарына тілдік орта қалыптастыру бойынша іс-шаралар қабылдау туралы тапсырма берген болатын.

Аталған тапсырмаға сәйкес 2019 жылы 3 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына қолайлы тілдік орта қалыптастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасасып, оның аясында бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған болатын. Соның бірі – ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап шетелдік инвесторлар мен іскери туристер үшін қажетті барлық мемлекеттік және қалалық қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік құрылымдардың қызметкерлеріне ағылшын тілін оқыту.

Осы мақсатта Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ-ның ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың наурыз айынан Нұр-Сұлтан қаласында ХҚКО-ның, денсаулық сақтау мекемелерінің, аудан әкімдіктеріндегі «Фронт-офистердің», «IQala» орталығының қызметкерлеріне (барлығы 118 тыңдаушы)  ағылшын тілі курстары басталды.

Курс аптасына үш реттен  оқытылады, шілде айынан дейін жалғасатын болады.  Курс  соңында қорытынды тест алынып,  сертификат беріледі.

Аталған курстарды жоғары білімді тіл мамандары (оқытушылар)  жүргізуде.

Абайдың бір елеусіз суреті хақында

Абайтануда ұлы ақынның екі тарихи фотосуреті бар екені баршаға аян. Оның бірінде Абай екі ұлымен түссе, екіншісінде отбасымен таспаға тартылған. Алайда данышпанның тағы бір фоосуреті жайында білеріміз аз.

Неге екені белгісіз, ақынның жеке автопортреті көпшілік назарынан тыс қалып келеді. Мұны аңғарған суретші Almas Sirgabaev ұлдары Ақылбай және Турағұлмен түскен күні фотограф ақынды жеке алып түсірген деп есептейді.

Отырған адамның бойы қысқарып, етжеңденіп, дөңгелек жүзі одан сайын толығатыны сияқты екі ұлының ортасындағы Абай мен қолын үстелдегі кітаптың үстіне қойып, бойын тіктеп, еңсесін көтере түсіп, алысқа, бір қиырға көз тастаған Абайды қараңыз. Жалқы суретті ретушпен өңдегені болмаса, бір күні түсірілгені айқын.

Сонымен көпшілік біле бермейтін, білсе де мән бермейтін сирек сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген, авторын Н.Г. Кузнецов деп танимыз.

Абайдың осы жеке портреттік фотосуреті біздің “Абай және Алаш. Абайтанудың кейбір мәселелері” атты зерттеу еңбегімізге еніп отыр.

Елімізде алғаш рет аталып отырған және болашақта дәстүрге айналатын Абай күні құтты болсын!

АБАЙ – ҚАЙТАЛАНБАС ТҰЛҒА

(Президент Қ. Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» мақаласынан оқығаннан кейінгі ой)

Абай – қазақ ұлтының төлқұжатына айналған тұлға. Үкіметтің 10 тамызды «Абай күні» деп мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне атаулы күн ретінде белгілеуі – ерекше жаңалық. Руханиятымыз үшін айрықша оқиға. Мәселен, Көрші Ресейде Пушкин күні, Өзбекстанда Науай күнінің тойлануы – әлемдік мәдени кеңістікке белгілі еді. Бұл сықылды мысалды көбірек келтіруге де болады.

Өз басым Үкімет Қаулысын жақсы қабылдадым. Себебі, қазіргі таңда абайтану ғылымындағы ой-пікір, тұжырым биологиялық тұрғыда «қартайып» кетті. Абайтанушы ғалымдарымыздың алды – тоқсан, ең жас дегені – елу бесте. Сондықтан да Абай Құнанбайұлының тұлғасы мен шығармашылығын зерттеу, зерделеу мәселесі жаңа көзқарас негізінде қайта қарастырылуы шарт. Советтік билік кезеңінде идеологиялық цензураға ұшыраған тарихи тұлғалар мен оқиғалар өте көп. Олар – Қазақ елін азаттық пен дербестікке бастаған оқығандар. Міне, сол оқығандардың бәрі Абай тұлғасын ұлттық культке айналдыру мұратын қолдаған, ақын туралы тұшымды ой жазған, өшпес із қалдырған-ды. Анығында, біз сол арыстардың көбін білмейміз де. Шаң басқан архив қоймаларындағы абайтануға қатысы бар құжаттарды ғылыми айналымға шығарсақ, Абай тұлғасын ең алғаш боп насихаттаған арыстар туралы жаза бастақсақ, көкжиегіміз кеңейеді. Тарихи санамыз жаңғырып, «Абай мен Алаш» тақырыбын біртұтас елдік идея деп ұғуымызға жол ашылады.

Абай – қазақ ұлтының рухани келбеті мен болмысына айналған тұлға. Оның поэзиялық қуаты зор өлеңдері мен прозалық жанрдағы ақыл-ойдың кемел үлгісіндей болған ғақлия мұрасы, батыс және орыс әдебиетінен өз талғамына сай таңдап, талғап аударған телтума еңбегі – ұлт әдебиеті мен мәдениетінің, тарихының елеулі де айрықша, шоқтығы биік баға жетпес рухани байлығы һәм құндылығы. Абайдың өмір сүрген кезеңі, оның жасаған дәуірі, адам есебінде күн кешкен тіршілік ортасы, шығармашылық зертханасы – өркениет жолындағы ұлтымыздың кемелдену биігіне жол ашқан қатпарлы тарих асуы. Яғни, Абайды тану, зерттеу  – уақыт алға жылжыған сайын жаңаланып, заман ағымына сай салаланып тұратын іргелі мәселе.

Абай сөзі – рух қамшысы еді. Мінезді даралайтын, намысыңды оятатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аталмыш мақаласында Абай тұлғасы мен болмысына жоғары баға берген. Әрине, Президент абайтанушы-ғалым емес, болуы да шарт емес. Десе де Тоқаев мырза Қазақстанның №1 адамы ретінде рухани өміріміздің келбетіне айналған қайталанбас тұлға туралы жөн сөз, салиқалы пікір айтқан. Біз ғалым ретінде соған қуандық. Ел тізгінін ұстап отырған азамат Абай сөзінің жаңа заманға икемделуін, Абай сынаған мінез бен жаман қасиет, кемшілік туралы ойлар әлі де өзекті. Маңызы зор. Абай арманданған қазақ – бес жақсыны таңдаған қазақ. Сол бес жақсы – Тәуелсіздік кепілі мен тірегі.

Енді жыл сайын 10 тамызда Абай күнін ұлықтау арқылы жасөспірімдер мен қоғам өкілдерінің санасына ақын болмысын дәріптеп, оларды ізгілікке, адалдық пен әділдікке шақырамыз. Бұл – жауапкершілігі мол Тәуелсіздігіміздің беріктігіне қызмет ететін рухани миссия.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы-ғалым, ҚР «Дарын» мемлекеттік

жастар сыйлығының лауреаты,

«Руханият» КММ ғылыми қызметкері

Қырық бесінші қара сөзі

Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.

Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.

1898

Қырық төртінші қара сөзі

Адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Оның үшін өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер дейді.

Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс. Осыған орай біреу ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп, сол харекетте жүр. Әрқайсысы қазаққа яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі бұлдамақ та болып, басына «осыным бірсыпыра елеу азық болар» деген талаппенен қылып жүр. Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды дағы, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп, қазақтың өз бетінен оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес. Оның үшін кітап сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді. Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап, қайдан оқып, біліп, ұмтылған талап екенін білерсің.

1898

Қырық үшінші қара сөзі

Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби – оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы – жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы – жибили. Ақыл, ғылым – бұлар – кәсиби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол – жанның жибили қуаты дүр. Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсеге жарамайтын болады.

 Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол – көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз. «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» демек, «құдай тағала сеніменен мені бірдей жаратып па?» демек – құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл – ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі. Оған құдай тағала көрме, есітпе, көрген, естіген нәрсеңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын-күлкімен, ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып, хайуан бол деген жоқ.    

Кейбіреулер айтады: «Ақыл жибили болмаса да, талап – жибили. Талап берген адам ақылды тапты, талабы жоқ кісі таба алмады», -дейді. О да бекер. Талап балада да бар, оған талас қылуға болмайды. Бағана айттық қой, қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса, зораяды деп. Жан қуатыменен адам хасил кылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жоғалған өнер: «ал, мен жоғалдым» деп, хабар беріп жоғалады. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді.

Жан қуаты дейтұғын қуат – бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды. Бірақ әрбір өнердің тыстан тауып алып, ішке салғанын, соның тамырын берік ұстап тұруға жараушы еді. Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады. Онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды.

Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар, зинһар, соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты.

Біреуі орысша «подвижной элемент» деп аталады. Ол не нәрсе? Не көрдің, не есіттің, әрнешік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпенен тұрмай, арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді. Егер бұл болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда да бермейді. Керекті уақытында ойламай, керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дәйім уақытынан кеш қалып, «Әй, әттеген-ай. Үйтуім екен, бүйтуім екен» деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырғаның.

Біреуін орысша «сила притягательная однородного» дейді. Ол – бір нәрсені естіп, көріп білдің, хош келді, қазір соған ұқсағандарды тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей, тыншытпайды.

Үшіншісі, орысша «впечатлительность сердца» дейді, яғни жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсебірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыттырмайды. Егерде бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, я қисық, я күңгірт көрсетеді. Енді ондай нәрседен оңды ұғым болмайды.

Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сырттан сақтайсыз, оның аты дәулет еді. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты бар нәрселерін білмесең, сақтай алмаушы едің ғой. Соған ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты тиер нәрселері бар. Оны білмесең, бақпасаң – айрыласың. Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса – жарамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады.

«Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың» деген. Баз махфи олмая ол, мен айтқан үш қуаттың ішінде екеуі, яғни «сила притягательная однородного» бірлән «подвижной элемент» – бұл екеуі қосылып тұра тұрған нәрсе, күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі зарар да бұлардан шығады. Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірікшілік, осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады. Бұларды түбегейлеткенде жақсы нәрселерді түбегейлетіп, жаман нәрселерден, яғни жоғарғы айтылмыш секілді адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып алуға керек. Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой. Бір ақыл қуатыбірлән мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат – екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуаттың екеуі де аз болса, яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі қуаттар – бір басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма – құдай білсін, әйтеуір жолда көрген есті, ақылы дұрыс адамдар әлі де сұрамай да қалады. Сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше.

1898

Қырық екінші қара сөзі

Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма? Малдылар малын өңкей малшыларға, бала-шағаға тапсырып, қолдағы құдай берген азды-көпті дәулеті қызықсыз көрініп, оның ұры-бөріге жем болып, қарға-жарға ұшырауына шыдайды. Пыш-пыш кеңестен қалып, бір ауылға барып, қулық, сұмдық жасап жүріп, тегін тамақ жеп, ыржыңдасуды қысыратуға шыдамайды. Не үшін десең, халыққа әдет жол болған соң, шаруаға пысық, мал бағуға, мал табуға пысық ол өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін «естігенім», «білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді.

Сол үшін осы күнгі қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады.

Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абұйыр да мақтан емес, арыз бере білу, алдай білу – мақтан. Бұл екеуі қолынан келген кісі салт атты, сабау қамшылы кедей де болса, аз да болса орны төрде, майлы атқа, майлы етке қолы жетеді. Желөкпелеу, мақтаншақ байларды: «сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын» деп желдендіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ, содан алып киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді.

Ол бай өз тыныштығын да білмейді, бос шығынданғанын да ескермейді. Бір кісімен сөйлессе, «мұны қайтеміз?» – деп бағанағы антұрғанмен ақылдасады. Ол сиырдың жорғасы секілденіп, қарайғанда жалғыз өзім болсам екен дейтұғын ниетімен және де ақылдасар досы көбейсе, қадірім кетіп қалады деп ойлап: «Ой, тәңір-ай, соны білмей тұрсыз ба? Ол ана қулық қой, бұл мына қулық қой» деп, «оған бүйдей салсаң болмай ма?» деп бар оңбаған жауапты үйретіп, амалшылықтың жолын үйретем деп, ол байдың өзін кісіге сенбейтұғын қылады. Және байдың өзіне де адам сенбейтұғын болады. Байдың өз жауабы, өз мінезі оңбай тұрған соң, бағанағы кісі бұзылса, әлгі антұрған бағанағы байға: «Мен айтпап па едім, оныкі қулық сөз деп, міне, көрдің бе?» – деп, екіншіде тырп етпейтұғын қылып алады. Ендігі жұрттың ақылы да, тілеуі де, харекеті де – осы.

1898

Қырық бірінші қара сөзі

Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек.

Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.

Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді.

Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін де емес.

Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!

1897

Қырықыншы қара сөзі

Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар.

Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?

Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?

Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?

Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?

Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай?

Қай қазақты көрсем де, баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене болып жүріп, ержеткен соң суық тартатұғыны қалай?

Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде, адалдық берекеде алысуға табылмай, барымта алалық, ұрлалық десе, табыла қоятыны қалай?

Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?

Баяғыда біреу біреуді пален жасымда  келе жатқанда пәлен жерге жеткізіп салып еді деп, соны өлгенше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?

Байдың баласы кедей болса, ұрлық қылуға арланбайды, байға кірісуге арланатұғыны қалай?

Екі жақсы бір елде сүйіскен достығында тұра алыспайды. Кейбір антұрғандардың тым-ақ тату бола қалатыны қалай?

Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның  келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?

Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны калай?

Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде жетілсе, бағанағы  досына бір бітімі жоқ дұшпан сол болатұғыны қалай?

Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының  қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай?

Біреу біреудікіне келгенде үйдегі малының бәрін де айдап келіп, өз үйіне кісі барғанда бар малын далаға айдап жіберетұғыны калай?

Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?

Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны несі?

Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?

Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?

Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?

1897