КӨК ТУЫМЫЗ ЖИІ ТӨМЕН ТҮСЕ БЕРМЕСІН!

Тұтас дүниені дүрліктірген коронавирус, COVID-19 пандемиясының салқыны біздің де мемлекетімізге ауыр тиіп отыр. Күн сайын қаралы хабардың саны артып, жақын туыс, ағайын-жұрағаттарымыздан қапыда айырылып жатырмыз. Ұлттың бағына біткен асыл тұлғаларды да мына қасіретті індет құрсауынан шығармады. Ажал тырнағы ілінген ұлт азаматтары – елдің болмысы мен бітіміне айналған жақсылар еді ғой…

Ал жұқпалы ауруды жұқтырып, дерт құрсауында қалып, өмір мен өлім, ажал мен азап ортасында күресіп жатқан науқас қаншама?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 13 шілдені Жалпы ұлттық аза тұту күні ретінде жариялады. Өте дұрыс шешім. Пандемияныі кесірінен жақындарынан айырылып, қайғы жұтып, қан түкіріп отырған қаралы отбасыларға бұл да болса медеу. Марқұм болған кісілерді, әсіресе, науқастарды құтқарып, өмір сыйлаймыз деп жүріп, қызмет үстінде қайтыс болған медицина саласының ардақтыларына, жалпы ел зиялыларына көрсетілер жалпыұлттық құрмет пен үнсіздік. Аруаққа деген құрмет пен тағзым.

Алла Иә, Рәббана Карим! Ауырып, дертіне шипа іздеген жақындарымыздың науқасын жеңілдетсін! Олар тезірек дертінен айығып, қатарымызға қосылсын! Өмірдің мәні – адамның дені сау болуы. Ал, Тәуелсіздіктің кепілі – дені сау, күш-қуатты халық. Халықтың саулығы – қоғамның байлығы.

Уа, Рәфиқул-Ағлә, пандемия кезінде қайтыс болған барша марқұмның жанын жәннаттық қылып, панасына алсын! Елімізге амандық беріп, дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

Бір ғана тілек – мемлекетіміздің нышаны, көк аспан түстес көк байрақ тұғырынан жиі-жиі төмен түсе бермесе екен!

Мемлекеттік рәміздердің әр нышаны Қазақстан тарихымен тығыз байланысты

Бүгін Қазақстан Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуде. Белгілі ғалымдар, мемлекет қайраткерлері Тудың, Елтаңбаның және Мемлекеттік Әнұранның өздері үшін қандай мән-маңызға ие екенін айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. «Мен көптеген елдерде, түрлі саммиттер мен конференцияларда болдым. Сонда мен Қазақстанның Туын көргенде қуанышқа, мақтаныш сезіміне бөленемін. Осындай сәттерде мен өзімнің туысымды, жат жерде отандасымды кездестіргендей сезінемін», – дейді профессор, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсемет. Профессор, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабек Қазақстанның әрбір мемлекеттік рәмізінің терең қасиетті мәні бар екенін айтады. «Әнұранның алғашқы дыбыстарын естігенде орнынан тұрмаған, қолын жүрегіне қойып бұл әнді шырқамаған бірде-бір қазақстандық жоқ шығар. Елтаңбаның әр нышаны Қазақстан тарихымен тығыз байланысты және терең мағынаға ие. Біздің Тудың түсі – күн сәулесін шашқан бейбіт аспан, оның астында ұшатын қыран – біздің халқымыздың батырлығы мен ерлігі», – деді Д.Қамзабек. Белгілі ақын және Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айт кез-келген тәуелсіз мемлекет үшін Мемлекеттік рәміздер күні үлкен мереке екенін атап өтті. «Тәуелсіз Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны қабылданған күн бәріміздің жадымызда. Мемлекеттік рәміздеріміз патриоттық сезімді, елдегі мақтаныш сезімін оятады. Тудағы өрнек біздің тарихымызды, құндылықтарымызды, мәдениетімізді білдіреді», – деді өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Мемлекеттік рәміздер – бүкіл әлемде елдің тәуелсіздігін, халықтың патриотизмін, батырлығы мен даналығын, жарқын болашаққа ұмтылысын бейнелейтін, мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың бейнесі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында Нұр-Сұлтанда бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, бүгінде елордада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған челлендж өтуде. Азаматтар елдің басты әнін айтып, бір-біріне жолдауда. #МеніңТуым #МемлекеттікРәміздер #БізБіргеміз #МеніңЕлімҚазақстан хэштегтерін қолдана отырып бейнероликтер қала тұрғындарының жеке парақшаларында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі мемлекеттік және ведомстволық бағынысты мекемелердің беттерінде жарияланады.

7 мамыр Отан қорғаушылар күніне арналған онлайн кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттің мекемесі және «Жас Сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ арасындағы бірлесіп 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне арналған онлайн кездесу өткізді.

«Ұлы дала ұландары» деген атаумен өткен кездесудің мақсаты: Мемлекеттік мереке «7 мамыр Отан қорғаушылар күніне» арналған іс-шара өткізу. Жастардың бойына елжандылық пен отансүйгіштікті сіңіру. Бейбіт күннің қадірін ұқтыру. Тәуелсіздіктің қасиетін жастарға дәріптеу. Әр салада ел алдында жүрген аға буын өкілдерімен озат, алғыр оқушылардың ортақ платформада басын қосу.

Төтенше жағдайға байланыс электронды форматта өткен жиында оқушыларға мекеме қызметкері Заңғар Кәрімхан Жеңіс күніне қатысты тың ақпараттар бөлісіп, жастарға жалынды сөзін арнады. Өз кезегінде Ауған соғысының ардагері Таубай Сәдуақасұлы қиын қыстау кезеңдерде кешкен күндерін баяндап, жас ұрпаққа бүгінгі күннің қадірін түсінуге шақырды. Шара соңында жиынға жиналғандар бір-бірін мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. 

Елордада оқу курстары онлайн арқылы жүзеге асырылуда

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» КММ-сі елдегі төтенше жағдайға байланысты 16 наурыздан бастап мемлекеттік қызметшілерге, түрлі сала мамандарына және ересек тұрғындарға тіл оқу курстарын қашықтықтан оқыту платформалары арқылы жүзеге асыруда.

Қазір Whatsapp, ZOOM және т.б. бағдарламалар арқылы 1326 тыңдаушыға қазақ тілінен онлайн оқыту курсы жүргізілуде. Сонымен қатар, 110 мемлекеттік қызметкерлерге де ағылшын тілінен онлайн курстары өтіп жатыр.

Қаламыздың ересек тұрғындарына тәжірибелі әдістемелері қалыптасқан білікті оқытушылар сабақ береді.

 «Онлайн оқыту кезінде тіл үйренуші өзіне қолайлы уақытта, өзіне ыңғайлы орында, яғни, жұмыс кабинетінен, үйден, сабақтан да қол үзбей, тиімді қарқында тіл үйрене алады. Топта оқу мен сабақ кестесі өзіне тиімсіз деп санайтын ересектер үшін онлайн оқытудың пайдасы орасан зор. Онлайн оқу үшін тіл үйренушілерден интернетке қосылған дербес компьютер, тегін жүктелетін скайп бағдарламасы және ең бастысы, «қазақ тілін үйренемін» деген ниеті, мақсаты болуы қажет. Тыңдаушыларымыздың қалауы бойынша WһatsApp, Zoom, Tелеграмм жүйесіндегі бағдарламаларды интернет желісінде қолданып, чат тобын құрып, сабақ жүйелі түрде өткізіледі.

Оқыту үдерісінде тіл үйренушілердің деңгейлері әртүрлі болуына байланысты, тіл үйренушілердің талабына, сұранысына бағытталған әдіс-тәсілдер қолданылады.

Онлайн сабақтар барысында тіл үйретуші мен үйренуші арасындағы қарым-қатынас үзілмейді. Керісінше, тыңдаушы өз бойына терең жауапкершілікті алып, тапсырмаларды тыңғылықты орындауға тырысады. Онлайн сабақтың қиыншылығы WһatsApp, Zoom арқылы конференция сабақтар жүргізгенде интернет желісінің дұрыс ұстамауы, тыңдаушылардың қайта-қайта желіден үзіліп кетуі кедергі келтіреді. Дегенмен соған қарамастан, сабақ беруде заманауи технологиялар мүмкіндігінің арқасында тіл үйрету дағдыларының барлығы қамтылуда» – дейді қазақ тілінің оқытушылары.

Тіл үйренуге деген ынталары арқасында елорданың № 8,10 емхана қызметкерлері де жұмыстан бос уақыт кезінде онлайн оқу курсына қатысып жатқандығы туралы дәрігерлерге қазақ тілін оқытып жүрген Валентина Умарканова айтуда.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарына «Қолжетімді орта құру» мақсатында қала әкімінің жобасы аясында ұйымдастырылған оқу курсын ағылшын тілі оқытушылары Гаухар Ағзамова мен Жәнібек Байханов онлайн жүйесінде жүргізуде. Тыңдаушылар ағылшын тілі оқу курсы кезінде шеттілді азаматтарды «бір терезеден қабылдау» мақсатында қажетті ауыз екі диалогты сөздіктер құрастыруда.

«НАМЫС ПЕН РУХ» РУХАНИ-ПАТРИОТТЫҚ КЕШІ

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2019 жылғы 7 қараша күні Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 95 жылдығына орай «Намыс пен Рух» рухани-патриоттық кешін өткізеді.

Шараның мақсаты – Қан майдан жылдарында ерліктің асқақ үлгісін көрсетіп, жеңіс жалауын желбіреткен батыр бабамыз, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алу, қайраткер рухына тағзым ету. Батыр бабамыздың даңқты жолын жаңғырта отырып, өскелең ұрпақ бойына ұлттық намыс пен елдік рухты сіңіру.

Рухани тағылымды кеш барысында соғыс жылдарында ерен ерлік көрсетіп, қайтпас қайсарлық танытқан батырлар туралы Қ. Қуанышбаев театрының әртістері сахналық көрініс көрсетіп, қазақ эстарадасының өкілдері патриоттық әндер шырқайды. Одан өзге, арнайы бейне көріністер көрсетіліп, жас жеткіншектер өз өнерін ортаға салады.

Шараға белгілі тарихшы-ғалымдар мен жас зерттеушілер, Халық қаһарманының ұрпақтары, журналистер, ұлт тарихы мен руханиятына қызығушылық танытқан жалпы көпшілік қатысады.