Отыз бесінші қара сөзі

Махшарға барғанда Құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.

Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп.

Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» – деп айтар дейді.

1896

Отыз төртінші қара сөзі

Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қата жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп – бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін? Олар сендім десе де, анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егерде осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?

Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен! Егерде екі нәрсе кез болса, бірі ахиретке керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ахиретке керектіні алмай, екінші бір кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса, кең құдай өзі кеңшілікпенен кешіреді дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе ахиретті дүниеге сатқаным жоқ деп, нануға бола ма?

Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?

1896

Отыз үшінші қара сөзі

Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтың кеселдері болады.

Әуел – бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады.

Екінші – ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара табылса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншек, салдау, салғырт, кербездікке салынады.

Үшінші – «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!» дегенде маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған дүниенің қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді.

Төртінші – тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір болымсызын берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын тамырым, досым десе, мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп және жасынан іс істеп үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алдағанды білмей, дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып, қылып бер дегенінің бәрін қылып беріп, күні өтіп еңбек қылар уақытынан айрылып, «жоғары шыққа» қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, сонымен табысы құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді. Осы несі екен? Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш болатындығы қалай?

Отыз екінші қара сөзі

Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек. Оларды білмей, іздегенмен табылмас.

Әуелі – білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесіне де керек болар еді деп іздемеске керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең, һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил[1] болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады.

Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бірақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейрімі асырап алған шешеңнің мейрімі секілді болады. Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.

Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. Аның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хүсідшілікті[2] зорайтады, адамшылықты зорайтпайды. Бәлкім азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хірслану[3] жарамайды. Егер хірсланса, өз сөзімшіл ғұруырлық[4], мақтаншақтық, хүсідшілік бойын жеңсе, ондай кісі адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды.

Үшінші – әр хақиқатқа тырысып иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?

Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза[5], екінші – мұхафаза[6]. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болмақ керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.

Бесінші – осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар зинһар[7] жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуел құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны. Олар бар жерде бұлар болмайды.

Алтыншы — ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!  

[1] Тыныштық, рахатшылық

[2] Күндеу, күндеушілікті

[3] Ашқарақтану, қомағайлану, сараң болу[

4] Менмендік, ірілік

[5] Ойласу, пікір алысу

[6] Сақтау, қорғау

[7] Қалайда, әйтеуір

Отыз бірінші қара сөзі

Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.

1895

Отызыншы қара сөзі

Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдылығы, арлылығы жоқ. Мойынын бұрып қойып: «Өй, тәңірі-ай, қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің, кімнің басы кімнің қанжығасында жүр, ол менің қазаныма ас салып беріп жүр ме, мен онан сауын сауып отырмын ба?» – деп бұлғақтап, немесе: «аяғаным жаным ба? Өй, енесін ұрайын, өліп кетпей неге керек? Азар болса атылып, я осы үшін айдалып кетсем де көнгенім-ақ! Әйтеуір бір өлім бар ма?» – деп қалшылдайтұғын кісі көп қой.

Өздерің көріп жүрсіңдер, осы айтқан сөз бойына лайық қазақ көрдіңдер ме? Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ, өлімге шыдамаймын деген де қазақ көргенім жоқ, кеңірдегін ғана көрсетеді-ау: «қиылып қана қалайын» деп. Егер осы сөз бойына лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да, қайратыменен-ақ кісі айдындыратұғын адам болғаны ғой! Егер шын айғайды көргенде, кірер жерін таба алмайтұғын дарақы, жұртты осы сөзімен айдындырамын, «мына кәпірден кісі шошитұғын екен» дегізіп айдындырайын деп айтып отырған құр домбытпасы болып, босқа қоқиып отырса, соны не дейміз? Ай, құдай-ай! Жанға мырзалық қылатұғын, ердің жадағайда-ақ сертке тұрғыштығы, малға мырзалығы, дүниені бір тиын есеп көрмейтұғын жомарттығы – әртүрлі белгісі бойынша тұрмас па еді? «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп, көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі дағы.

1895

Жиырма тоғызыншы қара сөзі

Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.

Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі.

«Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген – ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.

«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған  буралық неге жарайды?

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы  айтқаны.

«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен  айтылған  сөздеріне  бек сақ болу керек.

1895

Жиырма сегізінші қара сөзі

Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді – бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз құдай тағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді құдай тағала бір антұрғанға еңбексіз мал береді екен. Бір құдайдан тілеп, адал еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры, залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен. Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейішке шығарамын деп, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандылыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі құдай тағаланың айыпсыз, мінсіз ғафур рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те – бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді. Оны айыпты болады дей алмаймыз десең, ол сөзің құдай тағаланың айыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қылдырушы өзі екен. Пенде пендеге өкпелейтұғын ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылса дағы құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе? Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ.

І895

Жиырма жетінші қара сөзі

Бір күні Сократ хакім бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне құдай табарака уа тағалаға құлшылық қылмақ турасында айтқан сөзі. Ол өзі құлшылық қылғандарға күлуші еді.

– Әй, Аристодим, ешбір адам бар ма, сенің білуіңше, қылған өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты? – деді.

Ол айтты:

Толып жатыр, қазірет.

Бірінің атын аташы, – дейді.

Гомерге бәйітшілігі себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сыйпатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын, – деп, соған ұқсаған неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айтты.

Олай болса, кім артықша ғажайыптануға лайықты: жансыз, ақылсыз, құр пішінді жасайтұғын суретші ме? Я жан иесі, ақыл иесі адамды жаратушы ма? – дейді.

Соңғысы лайықты, – дейді, – бірақ ол жаратушы жаратты, өздігінен кез келіп, солай болып кетпей, басынан біліп істеген хикметімен болса, – дейді.

Жә, пайдалы нәрсе дүниеде көп, бірінің пайдасы көрініп, білініп тұрады. Кейбірінің пайдасы анық білінбейді. Соның қайсысын хикмет көресің? – деді.

Әрине, әшкере пайдаға бола жаратылғанын хикмет десек керек деймін, – дейді.

Жә, олай болса, адамды жаратушы хауаси хамса заһри бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі әшкере тұр ғой. Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік? Ол көз өзі нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұруы үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болуы үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қағып тұруға керек болғандығынан, басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, дауыс, жақсы үн, күй, ән – ешбірінен ләззаттанып хабар ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?

Көзді, мұрынды ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, иісін біліп, ішіп-жесін деп. Бізге керегі бар болса да, жиіркенерлік жері бар тесіктерді бұл бастағы ғазиз білімді жерімізден алыс апарып тесіпті, мұның бәрі хикметпен біліп істелгендігіне дәлел емес пе? – депті.

Сонда Аристодим тахқиқ ойлап тексергенде, адамды жаратушы артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббатыменен жаратқандығына шүбәсі қалмады.

Олай болғанда және не ойлайсың, һәмма мақұлыхатты жас балаларына елжіретіп, үйірілтіп тұруын көргенде уа һәмма мақұлыхаттың өлімін жек көріп, тіршілікте көп қалмақшылығын тілеп, ижтиһад қылуын көргенде, өсіп-өнуінің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары – бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін. Солардың бәрін жаратқанда көңілдерін солайша ынтықтандырып қойғандығы һәм мұның бәрі жақсы көргендігінен екенін білдірмей ме? – дейді.

Ей, Аристодим! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл жоқ деп ойлайсың? – еді. – Адамның денесі өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе? Денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысындай емес пе? Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың. Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен
жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осылардың бәрі де кез келгендікпен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне
ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды, – дейді.

Ол айтты:

Тахқиқ бұл айтқаныңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды. Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады? – деді.

Ей, Аристодим! Қате айтасың. Мұқтаж болмағанда да, біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе? – деді.

Аристодим айтты:

Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем? – деді.

Жә, олай болса һәмма мақұлыққа да қара, өзіңе де қара, жанды бәрімізге де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, осы күнін – үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп жүр, бір өзіңдей хайуанды құлданарлық лайығы жоқ. Адам өзі өзіне сенбесе, адамды да хайуан секілді қылып жаратса, ешнәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша шеберлік, мұнша даркарлік, бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахият ол денеге лайықты келмейді. Қай өгіз шаһар жасап, құрал жасап, неше түрлі сайман жасап, сыпайылық шеберліктің үдесінен шығарлық қисыны бар? Бірақ адам баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хиқметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? – депті.

1894

Жиырма алтыншы қара сөзі

Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен?  Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?

Жүйрік ат – кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те – кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнеріменен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін де біле тұра, жерге кіргендей болып я бір арамдығы, жамандығы шыққандай несіне ұялып, қорланады екен?

Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің.

1894