АБАЙ – ҚАЙТАЛАНБАС ТҰЛҒА

(Президент Қ. Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» мақаласынан оқығаннан кейінгі ой)

Абай – қазақ ұлтының төлқұжатына айналған тұлға. Үкіметтің 10 тамызды «Абай күні» деп мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне атаулы күн ретінде белгілеуі – ерекше жаңалық. Руханиятымыз үшін айрықша оқиға. Мәселен, Көрші Ресейде Пушкин күні, Өзбекстанда Науай күнінің тойлануы – әлемдік мәдени кеңістікке белгілі еді. Бұл сықылды мысалды көбірек келтіруге де болады.

Өз басым Үкімет Қаулысын жақсы қабылдадым. Себебі, қазіргі таңда абайтану ғылымындағы ой-пікір, тұжырым биологиялық тұрғыда «қартайып» кетті. Абайтанушы ғалымдарымыздың алды – тоқсан, ең жас дегені – елу бесте. Сондықтан да Абай Құнанбайұлының тұлғасы мен шығармашылығын зерттеу, зерделеу мәселесі жаңа көзқарас негізінде қайта қарастырылуы шарт. Советтік билік кезеңінде идеологиялық цензураға ұшыраған тарихи тұлғалар мен оқиғалар өте көп. Олар – Қазақ елін азаттық пен дербестікке бастаған оқығандар. Міне, сол оқығандардың бәрі Абай тұлғасын ұлттық культке айналдыру мұратын қолдаған, ақын туралы тұшымды ой жазған, өшпес із қалдырған-ды. Анығында, біз сол арыстардың көбін білмейміз де. Шаң басқан архив қоймаларындағы абайтануға қатысы бар құжаттарды ғылыми айналымға шығарсақ, Абай тұлғасын ең алғаш боп насихаттаған арыстар туралы жаза бастақсақ, көкжиегіміз кеңейеді. Тарихи санамыз жаңғырып, «Абай мен Алаш» тақырыбын біртұтас елдік идея деп ұғуымызға жол ашылады.

Абай – қазақ ұлтының рухани келбеті мен болмысына айналған тұлға. Оның поэзиялық қуаты зор өлеңдері мен прозалық жанрдағы ақыл-ойдың кемел үлгісіндей болған ғақлия мұрасы, батыс және орыс әдебиетінен өз талғамына сай таңдап, талғап аударған телтума еңбегі – ұлт әдебиеті мен мәдениетінің, тарихының елеулі де айрықша, шоқтығы биік баға жетпес рухани байлығы һәм құндылығы. Абайдың өмір сүрген кезеңі, оның жасаған дәуірі, адам есебінде күн кешкен тіршілік ортасы, шығармашылық зертханасы – өркениет жолындағы ұлтымыздың кемелдену биігіне жол ашқан қатпарлы тарих асуы. Яғни, Абайды тану, зерттеу  – уақыт алға жылжыған сайын жаңаланып, заман ағымына сай салаланып тұратын іргелі мәселе.

Абай сөзі – рух қамшысы еді. Мінезді даралайтын, намысыңды оятатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аталмыш мақаласында Абай тұлғасы мен болмысына жоғары баға берген. Әрине, Президент абайтанушы-ғалым емес, болуы да шарт емес. Десе де Тоқаев мырза Қазақстанның №1 адамы ретінде рухани өміріміздің келбетіне айналған қайталанбас тұлға туралы жөн сөз, салиқалы пікір айтқан. Біз ғалым ретінде соған қуандық. Ел тізгінін ұстап отырған азамат Абай сөзінің жаңа заманға икемделуін, Абай сынаған мінез бен жаман қасиет, кемшілік туралы ойлар әлі де өзекті. Маңызы зор. Абай арманданған қазақ – бес жақсыны таңдаған қазақ. Сол бес жақсы – Тәуелсіздік кепілі мен тірегі.

Енді жыл сайын 10 тамызда Абай күнін ұлықтау арқылы жасөспірімдер мен қоғам өкілдерінің санасына ақын болмысын дәріптеп, оларды ізгілікке, адалдық пен әділдікке шақырамыз. Бұл – жауапкершілігі мол Тәуелсіздігіміздің беріктігіне қызмет ететін рухани миссия.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы-ғалым, ҚР «Дарын» мемлекеттік

жастар сыйлығының лауреаты,

«Руханият» КММ ғылыми қызметкері