Абайдың бір елеусіз суреті хақында

Абайтануда ұлы ақынның екі тарихи фотосуреті бар екені баршаға аян. Оның бірінде Абай екі ұлымен түссе, екіншісінде отбасымен таспаға тартылған. Алайда данышпанның тағы бір фоосуреті жайында білеріміз аз.

Неге екені белгісіз, ақынның жеке автопортреті көпшілік назарынан тыс қалып келеді. Мұны аңғарған суретші Almas Sirgabaev ұлдары Ақылбай және Турағұлмен түскен күні фотограф ақынды жеке алып түсірген деп есептейді.

Отырған адамның бойы қысқарып, етжеңденіп, дөңгелек жүзі одан сайын толығатыны сияқты екі ұлының ортасындағы Абай мен қолын үстелдегі кітаптың үстіне қойып, бойын тіктеп, еңсесін көтере түсіп, алысқа, бір қиырға көз тастаған Абайды қараңыз. Жалқы суретті ретушпен өңдегені болмаса, бір күні түсірілгені айқын.

Сонымен көпшілік біле бермейтін, білсе де мән бермейтін сирек сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген, авторын Н.Г. Кузнецов деп танимыз.

Абайдың осы жеке портреттік фотосуреті біздің “Абай және Алаш. Абайтанудың кейбір мәселелері” атты зерттеу еңбегімізге еніп отыр.

Елімізде алғаш рет аталып отырған және болашақта дәстүрге айналатын Абай күні құтты болсын!