Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері

Алаш ардақтысы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ сан қатпарлы шығармашылық тұлғасын, қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін тануда нақыл сөздерінің алар орны ерен. Ұлт көсемі Әлихан БӨКЕЙХАН «Бесстрашный пророк своих убеждений» деп бағалаған санаткердің әдеби мұрасы, іргелі еңбектері қазақ рухани әлемін жаңғыртудағы тарихи қызметін атқарып келеді. Патша абақтысы, Кеңес түрмесі қысымын өткере жүріп, елге қызмет етудегі иман күшін «Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады» («Бас қосу турасында») деп әдіптеген тектінің нақылдары – қазақ топырағындағы рухани және саяси күрескерліктің тағылымды мектебі болуымен қастерлі.

Өзіне дейінгі сан ұрпақтың қордаланған әлеуметтік жүгін арқалап, қоғамдық парызын атқаруда жанкештілік танытқан Ахмет Байтұрсынұлы феномені ХХ ғасыр басындағы Алаш ренессансын зерделеуге мүмкіндік береді. Осынау құбылыстың басты сипаттары – адамға, ұлтқа, адамзатқа деген гуманизм, тұлға еркіндігі, ар-ұждан тазалығы, сана дербестігі десек, Ахметтің нақыл сөздерінің де басты мұраты қазақ дүниетанымына, ойына азаттық рухын сіңіру еді. Телжан Шонанұлы «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов – халық ағарту және әдебиет саласында» мақаласында атап көрсеткендей, «Қазақ халқы үшін Ахмет жасаған әдеби дүниенің көркемдік-әлеуметтік таным әлемінің әсері ғаламат» болды.

«Өткендердің көзіне қырау түскеніне өкінбей, өз көзіңе түскен қырауды аршып қара» дейді Алаш ардақтысы. Отаршылдық ойрандағы қазақ қоғамының дәуірлік түйткілдерімен бетпе-бет келген ол ұлттың ұлт болып қалу мәселелерін саяси-рухани реформаторлық жолмен шешуге қажыр-қайратын сарқа жұмсады. Қалам қайраткері «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы» («Жауап хат») екенін байыптауымен елін саяси теңдікке, рухани кемелдікке жеткізудегі адамдық борышынан айныған емес. «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі» («Орысша оқушылар»), «Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік» («Әдебиеттанытқыш»), «Қайраткер басын бәйгеге тігіп іс қылуын айып көрмейді, адамдық деп біледі. Басын қорғап, мақсатын іздемей қалу – оған өлім» («Әдебиеттанытқыш») сипатындағы нақыл сөздері ұлт қайраткерлері ұстанатын бірден-бір тұғырнама болып қала бермек.

Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері – ояну дәуіріндегі рухани және саяси күрестегі елшілдік рух, ұлтшылдық сезім, мемлекетшілдік сана көрінісінің қайнары.

 «Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды» («В.И.Ленин жолдасқа»). Міне, жері жатқа кеткен жұртының қайғы-қасіретіне ем іздеген күрескер «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иа өлі болу мәселесі» («Аңдаспаған мәселе» турасында») ұстанымымен қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудегі Алаш ұлт-азаттық қозғалысының өмірлік мақсатын «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазақтың өкпесі», «Тағы да жер жайынан», «5 десятина жер», «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Жер жалдау жайынан», «Аңдаспаған мәселе» турасында» және тағы басқа мақалаларымен үстеп отырды. Халқының отаршылдықтағы мүшкіл халін, қоғамдық дамуындағы кем-кетігін көзімен көріп, жан-тәнімен сезінген оның семсер сөзі ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту идеясына қуат дарытты. Ояну дәуірінің жетекші күшіне, ұйыстырар өзегіне айналды. Бодандық бұғауындағы, ұлттық езгідегі елінің «Ноқталанғанша һәм ноқталанғаннан кейінгі істелетін істер басқа-басқа» («Жауап хат») екенін әлеумет санасына сіңірумен болды.

«Қазақ» газеті патша цензурасына алынып, А.Байтұрсынұлы «Закон жобасының баяндамасы» мақаласы үшін қудаланғанымен, қайраткер қазақ қоғамын елшілдік ой аңсарымен нәрлендіріп, озбыр империяның ұлтсыздандыру саясатын сынаудағы принциптілігінен тайған жоқ.

«Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бəрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, əр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, əуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни, қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек.

Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр əурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс» (Бастауыш мектеп). «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер ең әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» (Оренбург. 10 февраль).

Міне, ұлтына ақ адал қызмет еткен тарлан тарих талқысындағы ел рухының жасампаздығына, осынау текетіресте қазақ мерейінің үстем шығатынына күмән келтірмеді. Рухы азат, санасы еркін халықтың түптің түбінде бодандықтан арыларына сенді. Бұл орайда «Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтуы, бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды» («Әдебиеттанытқыш») деген Қыр перзентінің байыптауы – рухы өшпеген еліне риясыз сүйіспеншілігі, сенімінің жарқын көрінісі.

«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» («Қазақтың өкпесі»). «Өткен – өтті, іздегенмен таптырмайды, қуғанмен, жеткізбейді. Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу тиіс» («Шаруа жайынан»). Сондықтан, Ахмет жұртына өткеннің өкінішін емес, бүгінгінің баяндылығына, келешектің кемелділігіне адастырмай жеткізетін бағыт-бағдар нұсқады. Кемдіктегі елінің берекебірлігімен теңдікке жету жолында қолға алар қоғамдық істерін көрсетті. Жем болудан құтылудың амалын қарастырды, ілгерілеу жолын айқындады. «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» («Бас қосу турасында»). «Бұл күнде аянбай жатып қалған жұрт, кетіп бара жатқан жұрттардың аяғының астында қалмақ. Қазақ халқы болып жасаймын десе, ілгері ұмтылып талпынатын кезі осы» («Шекіспей бекіспейді»). «Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады» («Қалам қайраткерлері жайынан»).

Қазақтың саяси теңдігіне, рухани кемелдігіне ғұмырын арнаған ағартушының оқу-ағарту, өнер-білім, ғылым хақындағы «Жазу тәртібі», «Бастауыш мектеп», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Орысша оқушылар», «Оқыту жайынан», «Баулу мектебі», тағы да басқа мақалаларының мәйегі іспеттес нақыл сөздері – руханиятымыздың алтын қорын еселеуде. Оларда ұстаз, тәлімгер, әдіскер, ғалым, ағартушы Байтұрсынұлының уақыт талабына сай ілгерілеу, озғандарға жету, өркениетке ұмтылу хақындағы саф ойлары көрініс тапты.

«Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнербілімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік» («Оқу жайы»).

«Осы замандағы жан таңырқарлық нəрсенің бəрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, отарба, откемелерді жүргізген – ғылым» (Оқу жайы). «Сөзбен үйреніп, сөз жүзіндегі іске шебер болуға болады, бірақ тіршілік ісі жалғыз сөз жүзінде емес. Сөзге қарамайтын тіршілік істері толып жатыр. Ол істерге істеп, үйреніп, шебер болмаса, сөзбен үйреніп шебер бола алмайды» («Баулу мектеб»).

«Мәдениет күшейеді өнербілім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді. Оқу мен әдебиет бірін-бірі қолдап, бірін-бірі көтермелеп, бірін-бірін сүйрейді» («Қалам қайраткерлері жайынан»).

 «Шаруа жайынан», «Егін егу», «Қазақтың өкпесі», «Қазақша оқу жайынан», «Бас қосу турасында», «Шекіспей бекіспейді» және тағы басқа мақалаларында халқын жаһитшылдыққа, кәсіби біліктілікке баулыған санаткердің экономикалық, шаруашылық көзқарасын байыптауға мүмкіндік беретін нақыл сөздері де терең мазмұнға толы. Оларда толассыз тіршілік талас-тартысындағы ұлт мерейінің үстем болу жолдары, оның өміршеңдігіндегі ұрпақ парызы бағамдалды.

«Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» («Оқу жайы»). «Еңбексіз егін шықпайды, терлесең терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды» («Қазақтың өкпесі»). «Жел кемесі болса да от кемені іздеген, атарбасы болса да отарбаны іздеген, енді көк кемесін іздеп жатыр. Осының бəрі де жақсыдан да жақсыны іздеу, тараққи жолы» («Шаһзаман мырзаға»). «Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек» («Қазақша оқу жайынан»). «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Бала деп бағып оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой» («Орысша оқушылар»). «Біз мәдениетті, өнерлі болуға талпынсақ, мақсатқа сонда жетеміз, сонда дайын нәрсеге қызығатұн болмай, барды ұқсатып, жоқты табатұн боламыз» («Әлібби тақырыпты Ақметтің баяндамасы»). «Тілеусіз, мақсатсыз адам болмаған соң талассыз, тартыссыз да адам жоқ. Әркім әліне қарай таласады, тартысады. Талас, тартыс табиғаттың негізгі заңының бірі» («Әдебиеттанытқыш») және тағы басқалары.

«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» («Қазақша оқу жайынан»), «Сауаттану – мылқауға тіл, саңырауға құлақ, соқырға көз бітіргенмен бірдей нәрсе» («Ана тілінің әдісі») екенін ағартушылық еңбегімен дәлелдеген ұлт ұстазының ана тілі, тіл лұғаты, мұғалім мерейі, ұрпақ тәрбиесі хақындағы нақыл сөздерінің мән- мағынасы алабөтен. Оларда тіл жасампаздығы, ұрпақ тәлімінің түйінді тақырыптары, мәңгілік мәселелері зерделенді.

«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» («Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы») Бірінші жылдық Орынбор – 1914). «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше əуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс» («Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы») Бірінші жылдық Орынбор – 1914). «Баланы ұлша тəрбиелесең ұл болмақшы. Құлша тəрбиелесең құл болмақшы» («Орысша оқушылар»). «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һəм сондай болмақшы» («Мектеп керектері»). «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» («Оқыту жайынан»). «Тәннің күшті болуы да, елдің күшті болуы да – екеуі де тәрбиемен. Тәрбиесіз тән қандай азса, тәрбиесіз ел де сондай азбақ» (Орынбор, 2 февраль).

Қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы – «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Әліп-би», «Жаңа әліппе», «Баяншы», «Сауат ашқыш», «Тіл жұмсар» атты ана тілімізде алғашқы оқулықтар, «Оқу құралы» (Т.Шонанұлымен бірге) әдістемелік оқу құралын жазған ғалым. Ұлттық жазу реформаторының тіл оқытудың әдістемелік мәселелері, әліпби тұғырнамасы туралы нақыл сөздері – қазіргі отандық білім беру қағидаттарын ұштауда өміршең. Оқу комиссиясындағы, сонымен қатар, Қазақ АКСР Халық ағарту халық комиссары, Академиялық орталықтың тұңғыш төрағасы қызметтеріндегі істері қайраткерліктің, сондай-ақ, Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі мен Бүкілодақтық түркология құрылтайындағы баяндамалары классикалық филологияның озық үлгісі болып қалуда.

«Жақсы әлібби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әлібби де қолайсыз» («Әлібби тақырыбты Ақметтің байандамасы») Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі). «Біреудің істегенін дұрыс, бұрысын тексерместен істеу тек еліктеу болады; Тек еліктеуді маймылша еліктеу деп атайды» («Әлібби тақырыбты Ақметтің баяндамасы»). «Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап» («Жазу тәртіб»). «Білімнің бас құралы – кітап» («Білім жарысы»). «Əдіссіз тек мəніс білімі – өлі білім. Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болу керек. Ондай білімді адам мəніс білімі мен əдіс білімін қатар үйренгенде білмек» («Баулу мектеб»). «Ұлы істердің əдісі де ұлы болады. Ұлы əдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істің істеу мəнісін білгенмен, істеу əдісін білмей, дұрыстап істеуге болмаса, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма?» («Баулу мектеб»). «Үйрету деген – өнер. Өнердің шені-шегіне ешкім жете алмайды. Өнер артыла береді, жетіле береді. Оны осы күнгі өнерлі жұрттардың істері көрсетіп отыр» («Ана тілінің әдісі»). «Əліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» (Байтұрсынұлы Ақыметтің араб әліп-биін жақтаған баяндамасы). «Бала білімді тəжірибе арқылы өздігінен алу керек» («Тіл жұмсар». Сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тəжірибесі арқылы танытатын 1-інші кітап. Қызылорда – 1928).

Қазақ кәсіби публицистикасын, журналистикасын қалыптастыруға тарихи еңбек еткен қалам қайраткерінің газет, көсемсөз табиғатын байыптаған нақылдары да тереңдігімен тәнті етеді.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» («Құрметті оқушылар!»). «Газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып ұлтының ар-абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру» (Орынбор, 2 февраль). «Көсем сөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсем сөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек» («Әдебиеттанытқыш»).

Қазақ классикалық филологиясын «Әдебиеттанытқыш» атты тұңғыш ғылыми-теориялық еңбегімен жаңа биікке көтерген зерттеушінің асыл сөз, шығармашылық психологиясы, өнер эстетикасы, жанр, қаламгер болмысын бажайлаған нақылдары өнертанудағы тың бастама, соны ізденіс болуымен оқшау тұрады.

«Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек» («Қазақтың бас ақыны»). «Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады» («Әдебиеттанытқыш»). «Толғау қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда» («Әдебиеттанытқыш»). «Асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды, бірақ ақын адам сөздің асыл болатын сипаттарын білсе, сөзін таза, мінсіз шығарады» («Әдебиеттанытқыш»). «Неғұрлым сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым үй де сәулетті, әдемі болып шығатыны сияқты неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, әсерлі, әдемі болып шықпақ» («Әдебиеттанытқыш»). «Ақынға дүниенің әдемілігі көрік пен махаббат екеуінде ғана. Өмірдің көрік пен махаббатқа дұрыс келетін істері сүйіндіреді, теріс келетін істері күйіндіреді» («Әдебиеттанытқыш»). «Ертегі – халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қордасы» («Әдебиеттанытқыш»). «Батырлар турасындағы әңгіме: халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме: Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған» («Әдебиеттанытқыш»). «Қалам қайраткері – жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, йа бояумен түсін өзгертіп, йа түленмен түгін өзгертіп бейбауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп бейбауырмал бола алмайды» («Қалам қайраткерлері жайынан»).

Ұлттық автономия, қазақ жерінің тұтастығы, шекаралық межеленуіне сол арқылы қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарған мемлекет қайраткерінің коммунистік жүйенің қиястығы мен озбырлығын сынға алған парасат-пайымы, саяси сарабдалдығы нақыл сөздерінің тақырыптық аясының кеңдігін көрсетеді («Революция и киргизы»,, «В.И.Ленин жолдасқа», «Еще о голоде в Киргизии», «Қостанай үйезі») және тағы да басқа мақалаларындағы нақылдарынан Байтұрсынұлының қайтпас, қайсар мінезін, отаншыл тұлғасын танимыз.

«Наводила же на киргизов ужас Октябрьская революция своими внешними проявлениями. Как происходило большевистское движение в центральных частях России, киргизам было неизвестно. На окраинах же оно сопровождалось насилиями, грабежом, злоупотреблениями и своеобразной диктаторской властью, говоря короче, движение на окраинах часто представляло собой не революцию (как обычно она понимается), а полнейшую анархию» («Революция и киргизы»). «…Қазіргі уақытта кез келген адам өзін коммунист деп атайды. Оларға үңіліп қарамайынша, кереметтің күшімен бəрі коммунистерге айналған екен деп ойлайсың. Бірақ, керемет тек ертегілерде болады, ал шын дүниеде ондай болмайды» («В.И.Ленин жолдасқа»). «Біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, нағыз «96 пробалы» («Қадірлі Әли»). «Если Киргизский Центральный Исполнительный Комитет не примет энергичные меры к проведению в жизнь постановлений 2-го Всекиргизского Съезда Советов по вопросу о борьбе с голодом и если Центр своевременно не поспешит на помощь голодающему населению Киргизии, то киргиз, пострадавщих от «жута», следует окончательно считать обреченными на гибель» («Еще о голоде в Киргизии»). «Қазақстан автономиясы Еділ-Оралдан Қытайға шейін, Жайықтан Түркістан, Алатауға шейін жайылған киіз туырлықты қазақ-қырғыз баласының басын біріктіру болғандықтан, Қостанай үйезінің кірмей қалуы мүмкін емес» («Қостанай үйезі»).

А.Байтұрсынұлының қазақ тілімен қатар орыс тіліндегі мақала, баяндамаларындағы нақыл сөздері ой-өріс кеңдігі, дүниетаным тереңдігімен ұйытады. Елдік мұратты, елдік мүддені қорғаудағы азаматтығынан айнымаған қайраткердің интеллектуалды саралаулары, парасатты пайымдары шынайы ғалым, елшіл қайраткер, отаншыл азамат қандай биікте болуы керектігін ұқтырады. Мәселен, түркітанушылар құрылтайы баяндамасындағы ұлттық бірегейлік, әділдік, мәдениет, рухани ықпалдастық мәселелерін сын тезіне салған кемел ойлары – даналық кенішіндей әсерлі, мірдің оғындай өткір:

«Современная культура не есть создание одной какой-нибудь нации или расы, а результат совокупных усилий и навыков всего человечества».

«Назначение науки, знания – это облегчение человеческих страданий, увеличение жизненных благ и удобств». «Пройденные нами пути тернисты, нам незачем оглядываться назад. Назад могут оглядываться только те, у которых было светлое прошлое, а у нас этого светлого прошлого не было, и мы естественно должны стремиться вперед». «Наш лозунг вперед, а не назад. Нашими идеалами должны быть не вороны, слетающиеся на готовую добычу, а нашими идеалами должны быть соколы, совместными усилиями добывающие себе добычу». «Справедливость создается только людьми, как всякое человеческое создание. Справедливость не знает уважения к чужому праву, а в природе господствует сила. Где господствует сила, там справедливости нет, но есть другая сила, которая умеряет, регулирует до некоторой степени природную силу, это сила есть сила культуры». «Человек может добиться справедливости только уравнением в культуре. Равенство культуры это не покупается и не получается в подарок, а собирается своими усилиями. Жизнь милостыни не дает и жизнь не подбирает и не дожидается отстающих».

Түйіп айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері қазақ халқын отаршылдықтан арылтып, азаттыққа бастаған Алаш қайраткерлерінің елшілдік рухы, ұлтшылдық сезімі, мемлекетшілдік санасы қаншалықты асқарлы болғанын көрсетеді. Ұлттың ұлт болып қалуының мәңгілік мәселелері арқау болған нақылдары – қазақ топырағындағы рухани таным, саяси күрескерлік мектебінің тағылымы болуымен қастерлі.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Қызмет көрсету саласында ағылшын тілі курсы басталды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

«Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Қызмет көрсету саласында ағылшын тілі курсы басталды 

Елорданы одан әрі дамыту туралы 2019 жылы 8 қазанда өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елорда тұрғындары мен қонақтарына тілдік орта қалыптастыру бойынша іс-шаралар қабылдау туралы тапсырма берген болатын.

Аталған тапсырмаға сәйкес 2019 жылы 3 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына қолайлы тілдік орта қалыптастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасасып, оның аясында бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған болатын. Соның бірі – ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап шетелдік инвесторлар мен іскери туристер үшін қажетті барлық мемлекеттік және қалалық қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік құрылымдардың қызметкерлеріне ағылшын тілін оқыту.

Осы мақсатта Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ-ның ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың наурыз айынан Нұр-Сұлтан қаласында ХҚКО-ның, денсаулық сақтау мекемелерінің, аудан әкімдіктеріндегі «Фронт-офистердің», «IQala» орталығының қызметкерлеріне (барлығы 118 тыңдаушы)  ағылшын тілі курстары басталды.

Курс аптасына үш реттен  оқытылады, шілде айынан дейін жалғасатын болады.  Курс  соңында қорытынды тест алынып,  сертификат беріледі.

Аталған курстарды жоғары білімді тіл мамандары (оқытушылар)  жүргізуде.