«АСТАНА НАУРЫЗЫ»

«Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жыл сайынғы «Астана наурызы-2019» қалалық іс-шарасын өткізді. Іс-шара 3 бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде қаламыздың белсенді жастары Елорда тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, қоғамдық көліктерде, аялдамаларда, СОО-да ән айтып, жырдан шашу шашып, мерекелік сыйлықтар ұсынылды. Дәстүрге байланысты сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді. Нәтижесінде қала бойынша 1500 адам Наурыз мерекесіне арналған сыйлықтың иегері атанды.

Екінші кезеңде зиялылардан құралған сарапшылар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар құрған киіз үйлердің құрылуына және дәстүрдің сақталуы мен насихатталуына жасалған жұмыстарына әділ бағаларын берді. 4 ауданда құрылған 30-ға жуық киіз үйді аралаған сарапшылар 5 аталым бойынша жүлделерді бөліп берді.

Үшінші кезең қаламыздағы Жастар театрында өтті. Наурыз мерекесінің қорытынды кешінде үздік деп танылған киіз үйлер мен әлеуметтік желіде Наурызды белсенді насихаттаған блогерлерге жүлде тағайындалды. Нәтижесінде, киіз үй аталымы бойынша бас жүлде Отандастар қорына бұйырса, әлеуметтік желіде Ұлыс күнін насихаттаған Елордамыздың жас тұрғыны Айкерім Ерланқызына бұйырды. Одан бөлек, қатысушылардың барлығына ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

«Руханият алаңы» пікірталас клубы

«Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен 2019 жылғы 6 наурыз күні Астана қаласы мемлекеттік архив конференц-залында «Руханият алаңы» пікірталас клубының кезекті «Рухани жаңғыру: аты-жөніңді ұлттық негізде рәсімдеудің мәні мен маңызы» атты семинар-кездесуі өтеді.

Мақсаты: Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын негізге ала отырып, аты-жөнімізді ұлттық негізде рәсімдеудің маңызы туралы өзекті мәселелерді қозғау. «Ов», «ова», «ев», «ева», «ин» қосымшалардан құтылу.

Жиынға ҚР Әділет министрлігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мен лингвист, филолог ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әлеуметтік желі белсенділері қатысты. Жиында аты-жөнді ұлттық негізде жазудың маңыздылығы айтылды.

«RYHtime» тұлға-танымдық жобасы

2019 жылы 4 наурыз елордадағы №5 Балалар кітапханасында «RYHtime» тұлға-танымдық жобасының кезекті жиыны халықаралық әйелдер күніне арналды. Сыр-сұқбат алаңына белгілі қоғам қайраткері, Тілдер басқармасының басшысы болып, сол кездегі көше атаулары мен жер-су аттарының қазақша болмысқа ие болуына үлес қосқан Оразкүл Асанғазы келді.

Кездесудің мақсаты: Бекзат болмысымен дараланған қазақ қыздарын үлгі ету, сол арқылы өнеге алу болып табылады. Кездесуге аналар, арулар, жастар қатысып тағылымды әңгіме тыңдады. Жиын қаламыздағы №5 балалар кітапханасында ұйымдастырылды.

«Пай-пай өмір…» әдеби-сазды кеші

Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алқа» ұйымы бірлесіп, 26 ақпан күні сағат 15.00-де Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ОЗҒ конференц-залында (Қажымұқан көшесі, 11) «Жастар жылы» аясында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Пай-пай, өмір…» атты әдеби-сазды кешін өткізді.

Кештің мақсаты: Поэзия алыбының сезімге толы сыршыл өлеңдерін көпшілікке кеңінен насихаттау. Мұқағалидың рухани мұрасы аясында жыр сүйер қауымды біріктіру. Жастарды отансүйгіштікке, қазақ тілін құрметтеуге шақыру.⠀

Кешке белгілі ақындар Қалқаман Сарин, Серікзат Дүйсенғазы, Дәулеткерей Кәпұлы және т.б әдебиет өкілдері, оқу орындарының, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының жетекшілері, белсенді жастар және қызығушылық танытқан барша қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

«RYHtime» тұлға-танымдық жобасы

2019 жылы 13 ақпан елордадағы №5 Балалар кітапханасында «RYHtime» тұлға-танымдық жобасының кезекті жиыны өтті. Бұл жолы астаналық тұрғындармен жүздесуге филология ғылымдарының кандидаттары, доцент Ербол Тілешов пен Омар Жәлелұлы келді.

Заманы бір екі ғалымның да көздегені ұлттық мүдде болғанымен, әр адамның жеке пікірі болуы керектігі бүгінгі рухани сұхбат барысында тағы бір дәлелденді десек артық емес.

Бұл жүздесуде қоғамның бүгінгі келбеті, жастар және тіл мәселесі, тәрбие, тектілік тақырыптарымен қоса латын графикасына қатысты да әңгіме қозғалды. Рухани жүздесудің бейненұсқасын әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан тамашалай аласыздар.

«Руханият алаңы» ғылыми-танымдық пікірталас клубы

2019 жылы 9 ақпан күні орталығымыздың жанынан құрылған «Руханият алаңы» ғылыми-танымдық пікірталас клубының кезекті отырысы өтті.

«Қаңшеңгел» поэмасы авторы кім Деректі бұрмалау – тарихқа адалдық па» тақырыбында өрбіген пікірталасқа Қостанай, Арқалық қалалары мен Аманкелді ауылынан әділдік іздеп келген зиялы қауым өкілдері Астанадағы ғылыми-шығармашылық топтан төрелік сұрады.

Түйткілі көп түйінді шешуге арналған жиын барысында «Қаншеңгел» поэмасының авторы, ақын Хамитбек Мұсабаев, поэмаға ән жазған композитор, жыршы Нағашыбай Алпысов, толғауды орындаушы, жыршы Абзал Алпысов, Торғай өлкесінің әдебиеті мен мәдениетін зерттеп жүрген профессор Айбек Қалиев, жас зерттеуші Батырлан Сағынтаев деректі, дәйекті және ғылыми-теориялық пікірлерін ортаға салып, қарсы тарап өкілдерінің уәждеріне қисынды қарсылық білдірді.

Пікірталасқа әдебиетсүйер оқырман қауым Хамитбек Мұсабаевтың монолог үлгісінде жазылған «Қаншеңгел» толғауын Ахмет Байтұрсынұлы түрмеде отырып жазған деп санайтын Ахмет атамыздың аталас туыстары зейнеткер, зейнетке шыққан соң «зерттеушілік» ісімен айналыса бастаған Кеңесбек Мәулетов, Ерахан Фазылов және аталмыш поэманы «1986 жылы әскери борышымды өтеп жүрген кезімнен бері білемін, бұның авторы – Ахмет Байтұрсынұлы атамыз» деген пікірді берік ұстанған Қайрат Қабылов сияқты қарсы тарап өкілдері қатысты.

Алқалы жиын зейнеткер зерттеуші, экс-банкир Кеңесбек Мәулетұлының «Ахаң аманатына адалдық немесе «Қаншеңгел» поэмасының авторы кім?» тақырыбындағы баяндамасымен басталды. Зерттеуші баяндамасында поэманың әр жылғы жарияланымдары және ондағы шумақтардың саны, өзгертулер мен толықтырулардың, тарихи деректердің әрқилылығы турасында уәжін айтты.

Қарсы тарап өкілдерінің пікірінше, поэманы жазған Ахмет Байтұрсынұлы, ал Хамитбек Мұсабаев бұл поэманы өздігінен толықтырып, өңдеу жасап, өзіне имеденіп алған. Бірақ, алқалы жиында бұ тараптың өкілдері нақты тарихи дерек, шынайы мәлімет көрсете алмады. Өйткені:

Поэманың алғашқы жарияланымы 1988 жылы негізгі автор Х. Мұсабаевтың өз атымен жарық көрген. Кейінгі басылымдарда авторы көрсетілмеген және деректердің барлығы күмән тудырады.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, өнертанушы Серік Оспан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы, ф.ғ.к. Камал Әлпейісова, ахметтанушы, ф.ғ.к., профессор Ұлан Еркінбай, ф.ғ.к., доцент Қайырбек Кемеңгер, журналист Анар Төлеуханқызы сияқты әр түрлі саланың өкілдерінен құралған ғылыми-шығармашылық топ талқыға түскен дау-дамайлы мәселеге сараптама жүргізіп, туындының нақты авторы Хамитбек Мұсабаевқа ҚР Әділет министрлігі арқылы «Авторлық куәлік» алу сияқты құқықтық-нормативтік маңызы зор құжатты алу, шығарманы ресми бекіту турасында кеңес берді.

Клуб үйлестірушісі, жиынның модераторы Ержан Еңсебай Абай атамыз айтқандай: «Біріңді қазақ, бірің дос…» деп, екі тарапты бірлікке шақырды.

Жиын соңында «Руханият» орталығының ғылыми қызметкері, жазушы, зерттеуші Елдос Тоқтарбайға осы жиынның хаттамасын даярлап, елімізге танымал үлкен ғалымдардың талқысына ұсыну жұмысы тапсырылды. Алдағы күндері даулы мәселенің нақты шешімін жариялап, көпшілікке БАҚ арқылы бөлісеміз.

«RYHtime» тұлға-танымдық жобасы

2019 жылы 30 қаңтар күні «Руханият» орталығының «RýhTime» сұхбат алаңында белгілі журналист, қоғам белсендісі Дархан Әбдік қонақ болды. Алғашқы жиын болғандықтан, «Руханият» орталығының басшысы Ержан Еңсебай сөз алып, жастарды бір алаңға жинаған «RýhTime» жобасының негізгі мақсатымен таныстырып өтті.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін бұл іс-шараның негізгі мұраты – қазіргі қазақ қоғамында ақыл-парасатымен, талап-жігерімен толағай табыстарға жетіп, дара тұлға ретінде қалыптасқан аға буынды жас толқын – жаңа буынмен жүздестіре отырып, рухани тәлім-тәрбие берер сыр-сұхбат өткізу.

Ал, бүгінгі алғашқы жүздесудің құрметті қонағы болған, тұтас республикаға соңғы кездері «Парасат майданы» бағдарламасы арқылы танымал болған Дархан Әбдік парасат-пайымының қандай деңгейде екенін әу бастан-ақ көрсете алды.

«Мен өзімді көпшілікке үлгі болатын адаммын деп санамаймын. Оқыған кітаптарым, осыған дейін көрген-түйгенім – менің ішкі әлемім ғана. Ал, қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты ойымды білгілеріңіз келсе сұрақтарға жауап беруге дайынмын» деп бірден студент жастардың, журналист-блогерлердің сауалдарына жауап берді.

Бұл кездесуді көрген де – арманда, көрмеген де – арманда. Ал, сырлы сұхбаттың бейне нұсқасынан үзінді беріп отырамыз.