XXII қалалық Тіл фестивалінің қорытынды кеші

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен XXII қалалық Тіл фестивалінің қорытынды кеші өтті. Аталмыш кешке фестиваль аясында тілімізді көркейтуге үлес қосқан зиялы қауым өкілдері, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері қатысты. Шара барысында «Руханият» орталығының Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне орай ұйымдастырылған ХХІІ қалалық тіл фестивалі аясында өткен барлық іс-шараларға шолу ретінде арнайы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Есіркеп Сәкен Зиябекұлы XXII қалалық Тіл фестивалінің аяқталуымен құттықтап, басқарма басшысы Қышқашбаев Тлеуғали Әшірбекұлының атынан фестиваль аясында елеулі еңбек атқарған зиялы қауым өкілдеріне Алғыс хат табыстады. Әрі қарай шара Серік Негимов, Марат Әбсеметов, Несіпбек Айт сынды зиялы қауым өкілдерінің сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдіруімен жалғасты. Сонымен қатар, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әніға Бағдат та аталмыш шараға атсалысып, белсенділік танытқан қатысушыларды марапаттады. Сондай-ақ, шара соңында қатысушылар арнайы ұйымдастырылған Абай көрмесін тамашалады.