Латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Үкімет басшысы латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Осы тапсырма негізінде Білім беру мекемелерінде жетілдірілген әліпби белгілерін жазу және оқу бойынша сауалнама жүргізілді. Қоғамдық пікірді ескеру мақсатында ашық талқылаулар ұйымдастырылды.

Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған.

Нақты айтқанда, жазу теориясы бойынша әліпбидегі әріптердің саны фонемалардың санына тәуелді болуы керек. Яғни тең болуы керек. Осы әліпбидің нұсқасы бір әріп бір фонеманы таңбалап тұр.  Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан “бір дыбыс – бір әріп” принципіне толық сәйкес келеді. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің ұлттық бейнесі көрініп тұр.  Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің,

«Руханият» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің

әдіскері  Естемисова Сағым Барлықбаевна