23 тамыз – Абай Құнанбайұлының туған күнi

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын кең көлемде атап өтуге бастама ретінде 2019 жылы 23 тамыз «Абай әлемі» рухани-тағылымды іс-шарасын өткізді.
Елордадағы «Абай» ескерткішінің алдына жиналған көпшілік қазақтың біртуар ойшыл ақынын еске алып, рухына тағзым етті. Абайтанушы ғалымдардан бастап, елімізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, зиялылар мен әкімдік қызметкерлері, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысқан жиын Абай Құнанбайұлының құрметіне қойылған ескерткіш алдына гүл қоюмен басталды.
Алғашқы болып Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенов сөз сөйлеп, бүгінгі іс-шараға қатысқан – барлық азаматқа алғысын білдірді.
– Ұлы Абайдың қара сөздері күні бүгін де ұрпақтың жадында жаңғырып тұр. Биылдан бастап қазақтың бас ақынының 175 жылдық мерейтойына дайындық басталып кетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желілердегі Абай өлеңдерін жатқа оқу челлендж эстафетасын зор қуанышпен қабылдап, тұтас ел болып ұлы ақынның 175 жылдығын атап өту жөнінде бастама көтерді. Қазір бұл эстафета республика деңгейінде өтіп жатыр.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарытамыз. Абай арқылы елімізді әлемге паш етеміз. Абайдың мұрасы – қастерлі қазынамыз» – деп айрықша атап өткен болатын.
Елордамызда 1997 жылы Абайдың атына үлкен даңғыл берілген еді. Қазір баршамыз жиналып тұрған бұл көше қаламыздағы ең ірі көшелердің бірі. Алдымыздағы Абай Құнанбайұлы ескерткіші 2010 жылы ашылған. Келер жылы Абайдың 175 жылдық мерейлі межесі қарсаңында ескерткішке 10 жыл болмақ. Ұлы Абай мұрасы елордамызда ұдайы түрде кеңінен насихатталып, қыруар істер атқарылуда.
Қала әкімдігінің бастамасымен «Адамзаттың Абайы» фестивалі бастау алып, оның аясында дәрістер, ғылыми-танымдық, рухани-тағылымды, әдеби-мәдени іс-шаралар өткізілуде. Нұр-Сұлтан – Қарқаралы – Абай – Жидебай – Семей бағытында «Ұлы Абайдың ізімен…» рухани сапары» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. Осының барлығы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының бастауы іспеттес. Ендігі жылы бұдан ауқымды көптеген ілкімді істерді атқарамыз, – деді Б.Мәкенұлы.
Аталмыш іс-шара «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында, «Адамзаттың Абайы» фестивалінің негізінде өткенін еске сала кетейік.
Шараның негізігі мақсаты – ұлы ақынның шығармашылығымен танысу, талдау және насихаттау, сондай-ақ өскелең ұрпақ бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмді қалыптастыру.
Тағылымды жиынға Мекемтас Мырзахмет, Сұлтан Оразалин, Төлен Әбдік, Несіпбек Айтұлы, Тоқтар Әубәкіров, Марат Әбсемет, Болат Ұзақ сынды және т.б ұлт зиялылары қатысты. Мерекелік бағдарламада Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзтер ән шырқап, Мейірбек Сұлтанхан жүректен шыққан арнауын паш етті. ҚР Прзидентіне челлендж жолдап, Абай өлеңдерін оқудан эстафета таратқан Ләйлім-Шырақ Ерланқызы
ақынның жырларын оқыды. Жас өренге Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен естелік сыйлық табыстады.
Жиын соңында келген көрермендерге ашық микрофон ұсынылып, қатысушылар өздерінің тілектерін білдірді. Олардың қатарында «Руханият» КММ-нің қазақ тілін оқыту курстарына қатысып жүрген өзге ұлт өкілдерінің де болғанын айта кеткен жөн.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *