«Ел тірегі – Елбасы» оқушылар арасындағы қалалық шығармашылық БАЙҚАУ ҚОРЫТЫНДЫ НӘТИЖЕЛЕРІ

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 24-30 қараша күндері аралығында 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Ел тірегі –Елбасы» атты мектеп оқушылары арасындағы қалалық шығармашылық байқау өткізді. Байқауға қаламыздың мектептерінен қатысқан оқушылардың арасынан  17 талапкердің өлеңі іріктеліп алынды.
Нәтижесінде:
Жүлдері орындар
І орын. Жұмабай Аружан Бауыржанқызы.«Абай Құнанбайұлы атындағы № 87 мектеп –гимназия»  КММ. 9-сынып. «Бір таң»
ІІ орын. Ахметқалиева Дильназ Ахметқалиқызы. «Абай Құнанбайұлы  атындағы №87 мектеп –гимназия»  КММ. 9-сынып. «Барыстай баһадүр патшам»
ІІІ орын. Садуахасова Гаухар Маратқызы. «Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп –гимназия»  КММ. 10-сынып. «Кемел Көшбасшы»
Номинциялар
1.Қоңыратова Гүлсана. №89 мектеп-лицейі. 9-сынып. ««Ел тірегі – Елбасы» («Қанатты қалам» номинациясы)
2. Шүйншбай Аяжан. №62 мектеп-лицейі. 11-сынып. «Ел тірегі – Елбасы» («Талапты жас» номинациясы)
3. Усербаева Аружан. №26 мектеп. 8-сынып. «Кемеңгер» («Өнерлі өрен» номинациясы)
4. Әбзелбек Елшат – «Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп –гимназия»  КММ. 10-сынып.  «Абылайдың арманын орындаған – Елбасы» («Ұшқыр ой» номинациясы)
5. Сүлейменова Әдемі – «№49 орта мектеп» КММ 10-сынып «Ел тірегі – Елбасы» («Көркем сөз» номинациясы)
Сарапшы: С.Жұмағұл – төраға, ф.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры.
Қ. Кемеңгер – ф.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі
Ф. Қаналы – «Руханият» КММ бөлім басшысы.
Осы орайда, байқауға қатысқан барша талапкерге алғыс білдіреміз. Хакім Абай айтқандай «Өлеңге әркімнің –ақ бар таласы…» Қалам ұштап, шығармашлықтың даңғыл жолына түскен жас достарымызға әрқашан сәттілік серігің болсын дейміз! Жас таланттардың талабын ұштап жүрген ұстаздардың қызметіне жеміс, шығармашылық табыс тілейміз!

ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған қалалық шығармашылық байқау

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған
«Ел тірегі –Елбасы» атты мектеп оқушылары арасындағы (9-11 сынып) қалалық шығармашылық байқау, Өтінімдер 29 карашага дейiн кабылданады.

«ҚАЗАҒЫН ҚАСТЕРЛЕГЕН ҚАЙСАР ТҰЛҒА»

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесімемлекет және қоғам қайраткері, алаш азаматы  Смағұл Садуақасұлының 120 жылдығына арналған «Қазағын қастерлеген қайсар тұлға» атты онлайн дөңгелек үстелін өткізді.Шараның мақсаты: ұлт қайраткері Смағұл Садуақасұлының 120 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің басын құрай отырып, сан қырлы тарихи тұлғаның тағылымды өмір жолын өскелең ұрпақ санасына сіңіру, сан алуан тақырыптағы мұрасын дәріптеу.

Ел азаттығы мен рухани кемелденуіне тарихи еңбек еткен қайраткердің сүйегі өртеліп, ұзақ уақыт бойы Дон зиратында сақталып келген еді. Елімізге белгілі ғалымдар мен қайраткерлердің жүйелі жүргізген жұмысы нәтижесінде алаш ардақтысының күлі 2011 жылы елге жеткізіліп, туған жер қойнына тапсырылды. Дөңгелек үстел барысында осындай қиын да сындарлы ғұмыр кешкен қазақтың бір туар ұлының ғұмырнамасы әр қырынан екшеліп, көпшілікке баяндалды.

 Рухани жиынды ф.ғ.к., алаштанушы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісіҚайырбек Кемеңгер тізгіндеді. Алдымен сөз алған алаштанушы бүгінгі жиынның мәні мен мақсатына түсіндіре келе, тарихи сананын жаңғыртудағы рөліне тоқталды. Одан әрі құттықтау сөз Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Сәкен Есіркепке берілді. Басқарма басшысының орынбасары тарихи тұлғаны дәріптеудегі мемлекеттік мекеменің жұмысына тоқтала келе, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды. Болашақта басқармаға қарасты ономастика бөлімі қайраткердің есімін елорда мектептерінің біріне беру бойынша жұмыстармен айналысатын болады.

         Шараға республиканың түкпір-түкпірінен алаштанушы ғалымдар, филолог, тарихшылар, ғылыми-шығармашылық топ өкілдерімен қатар жастар да қатысты. Олардың қатарында Дихан Қамзабекұлы – ҚР ҰҒА академигі,Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, Айгүл Ісмақова – ф.ғ.д., алаштанушы,  Назарбаев университетінің профессоры,  Бейбіт Қойшыбаев – т.ғ.к., алаштанушы, жазушы, Жақсыбай Самрат – жазушы-журналист, ҚР мәдениет қайраткері, Данагүл Махат – т.ғ.д.,Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы ҒЗИ директоры, Гүлнар Мұқанова – ф.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУпрофессоры, «Айқап» журналының жауапты редакторы, Сағымбай Жұмағұл – ф.ғ.д., алаштанушы,  Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедерасының профессоры сынды елге белгі зиялы қауым өкілдері болды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы Смағұлға арнаған жұрек тебірентер жыр шашуын тарту етті. Ғалымдар қайраткердің шығармашылық жолы, мемлекеттік істердегі ерен еңбегі, ұлт тағдырына қатысты жасаған жұмыстары жөнінде кеңінен баяндады. Сонымен қатар Смағұл Садуақасұлының есімін жаңғырту мақсатында келелі ұсыныстар айтылды.

         Алдымен СҚО-да қайраткердің есіміне көше беру, мұражайын ашу сонымен қатар туған жерінде мектепке атын беру туралы ұтымды ұсыныстар көтерілді. Осы тұста шараға арнайы қатысқан СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов биылғы жылдан бастап 35 пайыз қазақ тұратын өңірде қайраткердің есімін ұлықтайтын шаралардың басталғанын жеткізді. Одан бөлек алдағы уақытта да жүздеген көше, бірнеше аудан мен ауылға қазақы нақыштағы атаулар берілетінін айтып, көпшіліктің көңілін марқайтты.

         Жиналған қауым дәл осындай жұмыстарды елордамызда да жүйелі жолға қоюылуы керектігін баса айтты. Қаламызда орналасқан №78 мектеп-гимназиясы біршама уақыттан бері қайраткердің есімін сұрап жүр. Мектеп қабырғасында Смағұлға арналған арнайы шағын мұражай бар. Осылайша алаш қайраткерінің есімін ұлықтап отырған білім ордасы мерейтой қарсаңында сүйінші хабарды күтіп жүргенін жеткізді. Шараға қатысушы мектеп оқушылары да Смағұл Садуақасұлының ұрпаққа үлгі болар ұлағатты сөздерін оқып, көпшіліктің батасын алды.

         Шара соңында онлайн дөңгелек үстелге қатысушылар Смағұл Садуақасұлының өнегелі өмір жолы кейінгі жастарға үлгі екенін тағы бір еске салды. Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмырында алашқа адал қызмет етіп, тарих бетінде өшпес ісі қалған қайраткердің ерен ерлігін бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жастары ұмытпақ емес!

Фархат Қаналы
«Руханият» КММ бөлім басшысы.

Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ» онлайн дөңгелек үстел

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Руханият» КММ Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ» онлайн дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Зиябекұлы құттықтау сөзімен ашып берді. Шара шығыстың жарық жұлдызы, ұлы ағартушы Ш. Уәлиханов қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі үшін жастарға үлгі-өнеге ету мақсатында ұйымдастырылды.  Арнайы сөз кезегін алған шоқантанушы, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы өзінің тың зерттеулерімен бөлісті.  Сөз кезегін жалғастырушылар Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің докторанты Талапкер Уәлиев, Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалым хатшысы, PhD доктор Mахаббат Қозыбаева, ф.ғ.д. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Сағымбай Жұмағұл, ф.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедерасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер жастарға аса құнды мәліметтер берді.  Онлайн дөңгелек үстел Ш. Уәлихановтың «Алтын Емел» мемориалды мұражайына жүргізген онлайн экскурсиясымен аяқталды.

«АБАЙ АУЫЛЫНА САЯХАТ»


Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттіктарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Руханият» КММ «АБАЙ АУЫЛЫНА САЯХАТ» онлайн экскурсиясын ұйымдастырды. Шара барысында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Зиябекұлы онлайн саяхаттың мақсаты мен міндеттерін, маңыздылығын көпшілікке түсіндірді. Арнайы сөз кезегін алған «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі  директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Сейтжапарқызы, мұражайдағы жаңа жәдігерлер мен тың жаңалықтарды атап өтті. ZOOM платформасына қосылған 100-ден аса көрермен,  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін ЗD форматта тамашалады. Музейдің ғылыми қызметкері Гүлназ Бейсембинова гид қызметін атқарып, Абай Құнанбайұлы қолданған заттарды көрсетті. Этнографиялық және архивтік материалдар жайлы толық мәлімет берді. Шара соңында көрермендер онлайн саяхаттан алған әсерлерімен бөлісіп, пікір алмасты.

Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған онлайн дөңгелек үстел

Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған
«Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін…» атты рухани-танымдық онлайн дөңгелек үстелін өткізді. Шараның мақсаты – ақын Жұбан Молдағалиевтің шығармашылық өмірін насихаттап,  мұраларымен танысу арқылы қазақ тілінің тарихи терең болмысын ашу. Онлайн дөңгелек үстелге ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, ғылыми-шығармашылық топ өкілдері мен жастар қатысты. Соның нәтижесінде ақын мұраларын одан әрі  жүйелі түрде дәріптеу жөнінде ұсыныстар талқыланды.
Дөңгелек үстелде  Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тіл саясатын үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрзила Қасқатаева құттықтау сөзімен ашып берді. Одан кейін белгілі ақын, Қазақстан жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Жұбан жырларының қадір-қасиеті, құндылығы жөнінде тереңнен қозғады. Сонымен қатар дөңгелек үстелге М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры,  ф.ғ.к Рита Бекжанқызы, ф.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедерасының профессоры Жанат Әскербекқызы жәнеф.ғ.д., алаштанушы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедерасының профессоры Сағымбай Жұмағұл Жұбан Молдағалиевтің жауһар жырлары, көркем шығармашылығы турасында өзара ой бөлісіп, жастар тарапынан қойған сауалдарға жауап берді. Рухани жиынды одан әрі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Топжарған» және «Алқа» ұйымдарыныңшығармашыл жастары өрбітті. Ғасыр тойы тойланып жатқан ақын өлеңдерін нақышына келтіре орындап, өздерінің арнау өлеңіндерін оқыды. Қорытындысында онлайн жиында бас қосқан көпшілік бір-біріне ыстық ықыластарын білдіріп, жүрек жарды тілектерін жеткізді.

XII қалалық Тіл фестивалі аясында “Руханият” коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған іс-шаралардың қорытынды бейнеролигі

XII қалалық Тіл фестивалі аясында “Руханият” коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған іс-шаралардың қорытынды бейнеролигі.
#ruhaniatkz, #абай175

XXII қалалық Тіл фестивалінің қорытынды кеші

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен XXII қалалық Тіл фестивалінің қорытынды кеші өтті. Аталмыш кешке фестиваль аясында тілімізді көркейтуге үлес қосқан зиялы қауым өкілдері, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері қатысты. Шара барысында «Руханият» орталығының Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне орай ұйымдастырылған ХХІІ қалалық тіл фестивалі аясында өткен барлық іс-шараларға шолу ретінде арнайы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Есіркеп Сәкен Зиябекұлы XXII қалалық Тіл фестивалінің аяқталуымен құттықтап, басқарма басшысы Қышқашбаев Тлеуғали Әшірбекұлының атынан фестиваль аясында елеулі еңбек атқарған зиялы қауым өкілдеріне Алғыс хат табыстады. Әрі қарай шара Серік Негимов, Марат Әбсеметов, Несіпбек Айт сынды зиялы қауым өкілдерінің сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдіруімен жалғасты. Сонымен қатар, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әніға Бағдат та аталмыш шараға атсалысып, белсенділік танытқан қатысушыларды марапаттады. Сондай-ақ, шара соңында қатысушылар арнайы ұйымдастырылған Абай көрмесін тамашалады.

«АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ…» әртүрлі этнос өкілдерінен құралған өлең-челленжі

Мақсаты: Қазақ руханиятының шамшырағы болған хакім данамыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында жастарға тәлім-тәрбие беру. Елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері арасында ақынның шығармашылығын насихаттау. Ынтымақ пен бірліктің бастауы болған Абай шығармашылығын дәріптеу.

Міндеті:
Қазақстан Республикасы Перзиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Абайдың 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту;
Елімізді мекендеген этнос өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты арттыру;
Мерейтой аясында ақын шығармашылығын насихаттау.
Жастардың бойына елжандылық пен патриотизмдісіңіру;

Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен үзінді:
Кремонези Джулия «Әсемпаз болма әрнеге…»
Хидирова Дильназ «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы»

«Адамзаттың бәрін сүй…» әртүрлі этнос өкілдерінен құралған өлең-челленжі

Мақсаты: Қазақ руханиятының шамшырағы болған хакім данамыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында жастарға тәлім-тәрбие беру. Елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері арасында ақынның шығармашылығын насихаттау. Ынтымақ пен бірліктің бастауы болған Абай шығармашылығын дәріптеу.

Міндеті:
Қазақстан Республикасы Перзиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Абайдың 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту;
Елімізді мекендеген этнос өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты арттыру;
Мерейтой аясында ақын шығармашылығын насихаттау.
Жастардың бойына елжандылық пен патриотизмді сіңіру;

Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен үзінді:
Нигяр Салахова “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да”
Монерон Дейлин “Құлақтан кіріп, бойды алар…”