Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысына сәйкес «10 тамыз – Абай күні» болып, Қазақстан Республикасының мерекелік күндер тізбесіне кірген.

Дәл осы күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішінің алдына қала қонақтары мен зиялы қауым өкілдері жиналып, ұлт перзентіне тағзым жасап, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.

Абай күні мерекесіне орай жыл сайын қаламызда түрлі рухани-тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз» деп бағамдаған болатын.

Тұтас түркі-мұсылман жұртын талантымен тамсандырып, төрткүл дүниедегі алыбымызға айналған ақын бабамыздың рухына гүл шоқтарын қою рәсіміне, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, мемлекеттік мекеме басшылары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференциясы өтті.

Салтанатты ашылу рәсімі “Алаш қайраткерлері” ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт қайраткеріне құрмет көрсетуден бастау алды.

Шара ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің баяндамасымен басталды. «Халқымыз өзінің тарихында ерекше орыны бар екі тұлғаны «Ұлт ұстазы» деп ардақтаған. Алдымен, әрине, ұлы Абайды айтамыз. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Тәуелсіздік ұлтымыздың жадын жаңғыртып, тарихи тамырымыздан қайтадан нәр алуымызға жол ашты. Бұл ретте ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оны мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет. Әрине, әлеуметтік желіде бүгін әлемде болып жатқан, бәріміз байқап жатқан дүрбелең оқиғалар кезінде осындай шара өткізудің қандай маңызы бар деп жатқандар бар. Бірақ қандай оқиғалар орын алса да, біз өзіміздің ұлттық күн тәртібімізден ауытқымауымыз керек», – деді Мемлекеттік хатшы.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ұлттық күн тәртібінде тұрған ұлт руханияты үшін үлкен бір маңызды тақырыптардың бірі. «Осыдан тура бір ғасыр бұрын жұртымыз ұлт зиялыларының бастамасымен Ахаңның 50 жылдығын атап өткенін баршаңыз жақсы білесіздер. Содан бері тура бір ғасыр өтіп отыр. Бір ғасырдан кейін де Ахаң тағы да ұлтты ұйыстырып, ұлт зиялыларын бір жерге жинап отыр. Бұл да ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі. Бүгін міне Ахаң аңсаған тәуелсіз елдің ұрпақтары оның 150 жылдық мерейтойында бас қосып отыр.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өткен конференцияға лауазымды мемлекеттік қызметкелер, алыс-жақын шет мемлекеттердің ғалымдары, алаштанушылар, ахметтанушылар, әдебиетші ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар қатысты. Шарада М. Қойгелдиев, Ш. Құрманбайұлы, Д. Қамзабекұлы, А. Фазылжанова, Ж.Смағұлов, Ө. Әбдиманұлы, А. Ісмақова, Ж. Жақыпов, Ш.Жалмаханов, А. Салқынбай, О. Жұбаева, Қ. Күдеринова, Б. Момынова, Ұ. Еркінбай, Т. Аитова, М. Ермұхамет,
Т.Шанбай, С. Аққұлұлы, Р. Имаханбет, Қ.Сақ, А. Әбсадық, Е.Тілешов пен А. Қыдыршаев және т.б. зерттеушілер баяндама оқыды. Сондай-ақ «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ филологиясының мәселелері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» атты секциялық отырыстар болды.

Конференциядан кейін Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филормонияда «Ұлт ұстазы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Елордада «Бір тойым болатыны сөзсіз менің…» атты ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындау байқауы болып өтті.

Асылдың сынығы, абыздарымыздың мұрагері, жырдың жарық жұлдызы Төлеген Айбергенов –  шаршы топта тау қыранындай саңқылдап, ақиқаттың байрағын желбіретіп, ұлтының қамын ойлаған хас таланттардың қатарында  ел жүрегінде қалды.

Биыл қазақ руханиятына жауһар жырларымен үлес қосқан ардақты  ақын Төлеген Айбергеновтің 85 жылдығы. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту  және архив ісі басқармасы сондай-ақ «Руханият» КММ-нің ұйымдастыруымен  «Бір тойым болатыны сөзсіз менің…»  атты ақын өлеңдеріне жазылған  әндерді орындау  байқауы болып өтті.

                                             Сайыстың мақсаты.

1.Рухани құнылықтарымызды ұлықтап, ана тіліміздің құнарынан сусындаған дарынды, өнерлі өрендеріміздің талантын шыңдау;

2.Шабыты шарықтаған жастарымыздың шығармашылық көкжиегін        кеңейту;

3.Рухы мықты мұзбалақ ақынның өшпес мұраларын ұрпақ санасына сіңіру

4.Өнер әлемінде ақынның жырларына жазылған рухты, сазды әндерімен өсіп келе жатқан дарындарды елге таныту;

Сайысқа қаланың 15 мектебі қатысып, ақын шығармашылығы бойынша өзара бақталасты.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 3-ші орындарға № 27 мектеп-лицейінің оқушысы -Даринова Мөлдір, Ж. Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназиясының оқушысы – Мұстафа Сафа Айгерім, Абай Құнанбайұлы атындағы № 87 мектеп гимназиясының оқушылары – Құлажан Қарақат және Махсутқанова Айғаным ие болды.

Жүлделі 2-ші орын иегері №8 мектеп-лицейінің оқушысы – Олжабай Жанболат, Ақселеу Сейдімбек атындағы № 54  мектеп-лицейінің оқушысы – Ерсайын Ерсұлтан болды.

1 – орынды №10 мектеп-гимназияның оқушысы – Биржанова Аделя қанжығасына байласа, Төлеген Айбергенов атындағы № 16 орта мектебінің оқушылары –  Амангелді Мансур, Нұрғали Аида,Шестопалов Кирилл бас жүлдеге ие болды.

Жүлделі орынға ие болған оқушылар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қазақ тілі курсы

🏙Құрметті қала тұрғындары!
Сіздерді ересек тұрғындарға арналған тегін қазақ тілі курсына шақырамыз! Курсқа ағымдағы жылдың 17-31 қаңтар аралығында тіркелуге болады. Тіркелу барысында тілді меңгеру деңгейін (бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген) көрсету керек.

🏙Уважаемые жители города!
Приглашаем на бесплатные курсы казахского языка для взрослого населения города Нур-Султан. Записаться на курсы можно будет с 17 по 31 января т.г. При записи необходимо указать уровень владения языка (начинающий, продолжающий, углубленный)

Елордада «Рухы мықты асыл ер» атты оқушылар сайысы өз мәресіне жетті.

Биыл алаштың арысы, көрнекті ғалым, абайтанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері ұлағатты ұстаз, ақын, жазушы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы сондай-ақ «Руханият» КММ-нің ұйымдастыруымен қайраткердің рухына тағзым етуге арналған мектеп оқушылары арасында «Рухы мықты асыл ер» атты қалалық сайыс өтті.

Сайыстың мақсаты:
1. Алаш ардақтыларының аманатын ұлықтап, өшпес мұраларын терең зерттеп, олардың ісін жалғастыру;
2. Біртуар тұлға Қайым Мұхамедхановтың өмір жолын зерделеу, ел үшін атқарған еңбегін кеңінен насихаттау;
3. Хакім Абаймен алаш арыстарының арманын биікке көтерген парасат иесінің сан қырларына үңілу;
4. Құнарлы тіліміздің өрісін кеңейтіп, ұлтына адал отансүйгіш жастарды тәрбиелеу.
🔹Сайысқа қаланың 17 мектебі қатысып, қайраткер шығармашылығы бойынша өзара бақталасты.
🥉Сайыс қортындысы бойынша жүлделі 3-ші орындарға 48 мектеп-лицейінің оқушысы – Алима Қалиева, 87 мектеп оқушысы – Ілияс Мықтыбек және 67 гимназия – Динара Ақмолдаева ие болды.
🥈Ал 76 мектеп лицейінің оқушысы – Абылай Қайратұлы мен Дарынды қыз балаларға арналған “Білім инновация” лицей-интернатының оқушысы – Алина Жазылған екінші орын алды.
🥇1-орынды Әлкей Марғұлан атындағы 40 мектеп оқушысы – Ерсайын Мейрамұлы қанжығасына байласа, 🏅Қайым Мұхамедханов атындағы 90 гимназия оқушысы – Ибраш Нұрислам Бас жүлде ие болды.
🎉Жүлделі орындарға ие болған азаматтар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Тіл және рәміз – Тәуелсіздік жаршысы!» атты патриоттық акциясын өткізді.

Аталған акция Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын насихаттау, елорда тұрғындарының бойында патриоттық сезім қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Барлық мемлекеттердің өз жалаулары бар, олар ерекшеленетін белгі болып табылады. Мемлекеттік ту – еліміздің тарихы және оның бүгінгі күні, халқымыздың бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны!

Акция барысында Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілері Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында, вокзалдарда және басқа да орындарда орналасқан жолаушыларды тасымалдайтын ұйымдар арасында (такси жүргізушілері) 3000 дана мемлекеттік жалауша таратты.

Іс-шараға «Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» ММ басшысы Есіркеп Сәкен Зиябекұлы, «Регион» компаниясының директоры Қалымбетов Самат Кенжеханұлы қатысты. #TilBasqarmasy

Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай «Тәкаппар ұлы дүние! Қазақ деген – мен деймін…»» атты онлайн дөңгелек үстел.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай «Тәкаппар ұлы дүние! Қазақ деген – мен деймін…»» атты онлайн дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстел барысында Тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Сәкен Зиябекұлы алғы сөз сөйлеп, конференцияның мақсаты мен маңыздылығын атап өтті. Іс-шарада ақынының әдеби мұрасы, шығармашылығының қазіргі рухан жаңғыру үрдісіндегі маңызы талқыланды. Атап айтқанда, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент Елдос Ерғазыұлы, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің «Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебі» КММ директоры Роза Тулеуовна, Теміртау қаласының № 4 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, қасымтанушы, Қасым ауылының тумасы Сәуле Қайырбек, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, г.ғ.м., Қ.Аманжолов өлеңдерін нотаға түсірген өнертанушы Қайрат Айтбаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, «Қасым» сериясымен жарық көрген төрт кітаптың құрастырушысы Алмас Мырзахмет , Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Қайырбек Кемеңгер баяндама жасады.

Көркем сөздің хас шебері, сырлы сөздің өркен жаюына ерекше әсер еткен ақын Қасым Аманжоловтың қазақ руханиятындағы орнын, шығармашылық ерекшелігін айқындау, асыл мұрасын қазіргі әдебиеттанудағы жаңа ғылыми ізденістермен сабақтастыру, қасымтанушы зерттеуші ғалымдар арасында пікір алмасу, ақындық әлемінің кең көлемде насихатталуына ықпал жасау мақсатымен ұйымдастырылған рухани іс-шараға елімізге белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, руханият жанашырлары қатысты. Баяндамашылар Қасым Аманжоловтың өмірі, шығармашылығы жайлы сөз қозғады. Онлайн конференцияға модератор болған ф.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедерасының профессоры Сағымбай Жұмағұл Қасым Аманжоловтың әдеби мұрасын сақтауға, оны насихаттауға бағытталған іс-шараларға ерекше тоқталып өтті.

Мемлекеттік тіл – ел болашағы.

Бүгінгі таңда, еліміз егемендік алып, қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне қол жеткізіп отыр. Қазақ тілінің тағдыры мемлекеттің дамуы мен  ел болашағы үшін өте маңызды.

Әрбір қазақстандықтар үшін мемлекеттік тілді білу заңдылық. Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Маманның ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деген болатын.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» КММ-сі  қазақ тілін тегін үйренуге талпынысы бар қала тұрғындарымызға арналған оқу курстарын ұйымдастыруда. Оқу курстарын ұйымдастыру барысында педагог тіл үйренушінің сұранысына қарай бірлескен іс-қимыл жиынтығы – оқыту әдісін қолданады.

Қазақ тілі пәнінің мемлекеттік бағдарламасында мынадай анықтама берілген: ««Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасы – қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан меңгеруді қамтамасыз ететін; қазақша сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім) бастапқы деңгейде іс жүзіне асыратын; оқушының түсінікті сөйлеу дағдысы мен сауатты жазу дағдысын қалыптастыратын білім мазмұнын, көлемін, мөлшерін, оқу жүктемесін қамтитын; білім, білік  дағды деңгейлеріне байланысты тақырыптық аяларды, дидактикалық ұстанымдарды; оқушылардың білімі мен білігіне қойылатын талаптарды анықтайтын нормативтік құжат».

Қазақ тілін өзге ұлт аудиториясында оқытудағы қатысымдық әдістің алғаш ғылыми негіздемесін жасаған профессор Ф.Ш.Оразбаева.  Жаңа стандарт бойынша, алға қойған озық әдістеріміздің бірі – қатысымдық оқыту тәсілі ересектер тобында да қолданылады. Сабақ барысында жаттығулармен қатар  қатысымдық тапсырмалар, рөлдік ойындар, жағдаяттарды көбірек пайдаланған өте тиімді. Қатысымдық тапсырмаларды  қолдану барысында тіл үйренушілердің өз ойы мен пiкiрiн тұжырымдай алуы, сөйлеу машығы мен ойды сөзбен жеткiзуi және оларды күнделiктi өмiрде кездесетiн шынайы жағдаяттарда жұмсай алуы жүзеге асады.

Уақыт талабына қарай тілдің дамуына үлкен жауапкершілікпен қарап, тілдің қолдану ортасын және қажеттілігін талап ететін кезеңге жеткізуіміз қажет.

Әр қазақстандық азамат тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя білсе, қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілдің мәртебесі артады.

Абай мұрасы – рухани жаңғыру өзегі

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Абай күніне» орай «Абай мұрасы – рухани жаңғыру өзегі» атты онлайн конференция өткізілді.

Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған рухани іс-шараға елімізге белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, руханият жанашырлары қатысты.

Онлайн конференция барысында қазақтың бас ақынының әдеби мұрасы, шығармашылығының қазіргі рухан жаңғыру үрдісіндегі маңызы талқыланды. Атап айтқанда, Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қоры – музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ҒЗИ директоры Жандос Мағазбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер, профессор Сағымбай Жұмағұл, абайтанушы Алмахан Мұхамедқалиқызы, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның мұғалімі Заңғар Кәрімхан баяндама жасады.

Баяндамашылар Абайдың классикалық туындыларын жаңа ғасыр биігінен зерттеп зерделеу, адамзаттық құндылықтар арнасындағы гуманистік өзекжарды толғамдарын әлемдік өреде насихаттау мәселелерімен қатар Алаш ақылманының сарқылмайтын асыл қазынасын саналы ұрпақ тәрбиесінің темірқазығына айнылдыру хақында пікірлерін ой талқысына салды.

Абай мұрат тұтқан рухани кемелділік, ұлттық ұйысу, гуманизм баршамыз ұстанар темірқазық. Сондықтан да асыл сөз алыбының мәңгілік тозбайтын саф қазынасынан нәр алу – бүгінгі рухани жаңғыру үрдісінің темірқазығы болып қала бермек.

Тілге құрмет – елге құрмет

Тәуелсіздікке  қол  жеткізген   сәттен   бастап, еліміз өркениет пен  мәдениет бәйгесінде ілгері кеткен елдердің алды болудың қамын қылып жатыр. Ал, өркениет пен мәдениеттің негізгі қайнар бұлағы – білім. Білімге тіл арқылы жететініміз анық.

Діндар-ақын, фольклоршы, көрнекті Алаш қайраткері – Ғұмар Қараш  «Ана тілін білуден ұлттың білім-өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім-өнер таратуға мүмкін емес. Ең әуелі ана тілін білу қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың білімі де, өнері де өршімейді. Тіл мүмкіндігінше сақталуға тиіс» дейді. Тілі өркендемеген ел ұлттық мемлекет болып салтанат құра алмайды. Тіл – ұлтты тарихи тамырымен тұтастандырып, ұлттың ұйысуына бастайды.

Қазіргі қазақ баласы шет тілдерді қалауынша біле берсін, заманның талабы сол, одан ешкім ұтылмайды. Бірақ, қазақ тілін барша тілден асырып біл! Қадыр ақын айтқандай «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!». Осы тұрғыда Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедұлы «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілді еліктей беруі зор хата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» дейді. Нағыз қазақ өз ана тілін зор тұтып, бұрынғы асқақ бабалардай рухты болуы керек! Рух – ана тілмен тығыз байланысты құдірет! Рух – ана тілінен тамыр алып, бүкіл жан дүниеңді оятып, ұлт екеніңді сезіндіреді.

Тілге құрмет – алдымен өзіңе құрмет! Ал, ана тілін жетік білмейтіндерге тіл үйрету баршамызға ортақ міндет. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатқаны анық.

Саған айтам қазақтың қара көзі,

Басталды ғой заманның жаңа кезі.

Үйрет оған өз тілін, ана тілін,

Басқа тілді үйреніп алады өзі – деп қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиев жырлағандай әр азамат өз жанұясына, балаларына, жақындарына, жолдастарына қазақ тілін үйретіп, ана тілінде сөйлеушілер қатарын көбейтуге үлес қосуы керек. «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп  Ғабит Мүсірепов айтқандай елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті.

Еркебұлан Ерболатұлы,

Нұр-Сұлтан қаласы

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

«Руханият» КММ-нің бөлім басшысы